Фото: ТСМ
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Жетісу облысындағы туристік инфрақұрылымның жазғы маусымға дайындығымен танысып, Алакөл жағалауындағы негізгі нысандардың жай-күйін тексерді, деп хабарлайды Ult.kz.
Жұмыс сапарына орталық мемлекеттік органдардың, Үкімет аппаратының, салалық ведомстволардың өкілдері, сондай-ақ Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қатысты.
Тексеру барысында Үкімет басшысының орынбасары қонақүй кешендері, кәріз-тазарту құрылыстары нысаны, Көктұма ауылындағы жағалауды бекіту учаскесі және Үшарал қаласының әуежайын аралады. Әр бағыт бойынша нысандардың қазіргі дайындығы мен жобалардың іске асу қарқыны жөнінде баяндалды.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары жағалаудың жазғы маусымға толық дайындығын қамтамасыз етуді, негізгі инфрақұрылымдық жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды, қауіпсіздік пен санитариялық күтіп-ұстау шараларын күшейтуді, демалушыларға арналған көрнекі профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жолға қоюды, сондай-ақ туристер ағынының өсуі мен ішкі туризмді дамытудың ұзақмерзімді міндеттерін ескере отырып, туристік аймақты жүйелі жаңғыртуды жалғастыруды тапсырды.
