Астанада шаурма жарнамасын жасамақ болған блогердің әрекеті әкімшілік қамаумен аяқталды. Ол әлеуметтік желіге контент түсіру мақсатында суға батып бара жатқан адам туралы жалған көрініс ұйымдастырып, полиция қызметкерін әдейі жаңылыстырған, деп хабарлайды ult.kz egovpress telegram арнасына сілтеме жасап.
Оқиға барысында тәртіп сақшысы қауіпті жағдай туралы хабарламаға жедел әрекет етіп, «зардап шеккен» адамды құтқаруға кіріскен. Кейін бұл жағдайдың алдын ала ұйымдастырылған пранк екені белгілі болды.
Пранк авторы полицейдің әрекетін видеоға түсіріп, оны шаурма жарнамасына пайдаланбақ болған. Тіпті кейін ҚР ІІМ қызметкеріне алғыс ретінде отбасымен тегін шаурма жеуге мүмкіндік беретін сертификат ұсынған.
Алайда полиция қызметкері ұсыныстан бас тартып, блогердің әрекетіне құқықтық баға берілген. Нәтижесінде пранк ұйымдастырған азамат 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.
Бұл жағдай әлеуметтік желідегі хайп пен жарнама қуудың кейде заң алдында жауапкершілікке әкелетінін тағы бір көрсетті. Ал көпшілік желі қолданушылары өз міндетіне адал қарап, қауіпті жағдайға бейжай қарамаған полиция қызметкерінің әрекетіне оң баға беріп жатыр.