Лениннің өзі іздеу салған кеңестік маньяк "құбыжық адам" туралы не белгілі

Лениннің өзі іздеу салған кеңестік маньяк "құбыжық адам" туралы не белгілі

1920 жылдардың басында Мәскеу халқын үрейде ұстаған бір есім болды. Ат базарынан жоғалған адамдардың артынан көп ұзамай қапқа оралған мәйіттер табылып жатты. Қала тұрғындары жұмбақ қылмыскер туралы аңыз қылып айта бастағанымен, оның қарапайым такси жүргізушісі Василий Комаров екені кейін ғана белгілі болды, деп хабарлайды ult.kz.

«Құбыжық-адам» атанған Комаров кім еді?

Адам өмірін қию ең ауыр қылмыстардың бірі. Кеңес Одағы кезінде мұндай әрекетті асқан қатыгездікпен жасаған адамдар да болды. Солардың бірі алғашқы кеңестік сериялық өлтірушілердің бірі атанған Василий Комаров. Ол 1920 жылдары Мәскеуде бірнеше адамды қатыгездікпен өлтіріп, жұрт арасында «құбыжық-адам» деген атпен танылды.

1915 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс әскері Балтық жағалауына жақындаған соң Комаров отбасы Еділ бойына көшіп кетеді. Кейін 1917 жылы Қызыл Армия қатарына ерікті болып қосылып, взвод командиріне дейін көтеріледі. Сол кезеңде ол дезертирлерді жазалау жұмыстарына қатысып, адам өлтіруге бейім көзқарасы қалыптаса бастаған деген пікір бар.

1919 жылы Комаровты Деникин әскері тұтқынға алады. Бір жылдан кейін Мәскеуге келіп, тегін өзгертіп, Шаболовка көшесіне қоныстанады. Алғашында эвакуация комитетінде жұмыс істегенімен, кейін жеке жүк тасымалымен айналыса бастайды. Дәл осы кәсіп оның болашақ құрбандарымен танысуына мүмкіндік берген.

Алғашқы құрбан

Комаровтың алғашқы құрбаны Мәскеуге жылқы сатып алуға келген шаруа. Екеуі ішімдік ішіп отырып танысып, Комаров оған астанадан малды арзанға алып, кейін тиімді айырбас жасауға болатынын айтады. Осылайша шаруаның сеніміне кірген ол кейін оны балғамен өлтірген.

Қатты соққыдан жәбірленушінің бас сүйегі жарылып, қан айналаны жайлап кеткен. Комаров мәйітті көрші бос аумаққа апарып жасырған. Бұл оның алғашқы қылмысы еді.

Қанды қылмыстар мен әйелінің көмегі

Бірінші қылмыстан кейін Комаров мұны тұрақты іске айналдырады. Ол құрбандарын көбіне ат базарынан іздейтін болған. Үйіне шақырып, мәміле жасап, ішімдік ішкізген соң оларды балғамен ұрып, кейін тұншықтырып өлтірген.

Бұл қылмыстардың барлығын оның әйелі Софья көріп отырған. Бірақ ол полицияға хабарлаудың орнына күйеуіне көмектескен. Әйел қан іздерін жуып, қылмыстың ізін жасырып отырған. Тергеушілер кейін үйден қан дағын табуға тырысқанымен, нәтиже шықпаған.

Құрбандар саны көбейген сайын мәйіттерді жасыру қиындай түсті. Кейін Комаров өлтірілген адамдарды қапқа салып, түнде Мәскеу өзеніне апарып тастай бастаған.

Мәскеуді дүрліктірген тергеу

1921 жылдан бастап полицияға адамдардың жоғалғаны туралы арыздар жиілейді. Тергеу ізі Серпуховтағы ат базарына дейін жетеді. Көп ұзамай Замоскворечье ауданындағы бос ғимараттардан қапқа оралған мәйіттер табыла бастайды.

Барлық мәйіт бірдей тәсілмен байланған әрі құрбандардың өлімі де ұқсас болған: бастан соққы алып, кейін тұншықтырылған. Мәскеуліктер арасында белгісіз қанішер туралы әңгіме тарап, жұрт үрей құшағында өмір сүрді. Іске тіпті Владимир Лениннің тапсырмасымен арнайы іздеу жарияланған.

Тергеушілер мәйіттердің сұлы қаптарына салынуына қарап, қылмыскердің тасымалмен айналысатынын болжайды. Күдік такси жүргізушілеріне түседі. Бірақ сол кезеңде Мәскеуде мыңдаған жүргізуші болғандықтан, барлығын тексеру оңайға соқпаған.

Комаров қалай ұсталды?

1923 жылы 18 мамырда полиция Комаровтардың үйіне самогон сатуы мүмкін деген сылтаумен тінту жүргізуге келеді. Үйді тексеру барысында Василий қатты қобалжи бастайды.

Полицейлер қораға жақындағанда ол терезеден секіріп қашып кеткен. Алайда бір күннен кейін Мәскеу маңындағы Никольское ауылында қолға түсті. Қорадан басы жарылған адамның әлі суып үлгермеген мәйіті табылған.

Өкінбеген маньяк

Тергеу кезінде Комаров жасаған қылмыстары туралы еш қысылмай айтып берген. Тіпті өзін ақтағысы келіп, құрбандарын «пайдакүнемдер» деп сипаттаған. Ол ақша үшін өлтірмегенін, жәбірленушілерден аса көп пайда көрмегенін де мәлімдеген.

Осы сөздерінен кейін халық арасында оған «құбыжық-адам» деген атау берілді. Мәскеуліктер оны тірідей жазалауды талап еткен жағдайлар да болған.

Комаров пен оның әйелін КСРО-ның жетекші психиатрлары тексерген. Дәрігерлер оның психикалық ауытқуы бар деген қорытындыға келгенімен, сот екеуіне де өлім жазасын кеседі.

1923 жылдың шілдесінде Василий Комаров пен Софья Комарова ату жазасына кесілді. Ал олардың балалары балалар үйіне жіберілген. Кейін халық арасында белгісіз қанішерлерді «комаров» деп атау да тарай бастаған.