Тбилисиде Қазақстан іздеген есірткі зертханасының ұйымдастырушылары ұсталды

Тбилисиде Қазақстан іздеген есірткі зертханасының ұйымдастырушылары ұсталды
Polisia.kz

Грузия астанасы Тбилисиде халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық ерлі-зайыпты қолға түсті. Олар синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырды деген күдікке ілінген, деп хабарлайды ult.kz.

Қазақстан мен Грузия Ішкі істер министрліктері арасындағы бірлескен келіссөздер мен ынтымақтастық нәтижесінде жүргізілген операция барысында күдіктілер ұсталған. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Тергеу мәліметінше, Қазақстан азаматы 2023 жылдың қазан айынан 2024 жылдың ақпан айына дейін Алматы облысында арнайы жабдықталған жасырын зертханада мефедрон өндірісін ұйымдастырған. Ол есірткі дайындаумен айналысқан негізгі “химик” болған деген күдік бар.

Ал оның жұбайы синтетикалық есірткі өндірісінің қаржылық операцияларын жүргізуге қатысқан. Тергеушілердің мәліметінше, әйел Алматы және Қарағанды облыстарындағы заңсыз есірткі өндірісін қаржылай сүйемелдеп отырған.

Қазір ұсталғандарды Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.

Ресми мәлімет бойынша, биыл наурыз айынан бері Грузия аумағында Қазақстан құқық қорғау органдары іздеген 15 адам ұсталған.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада Қазақстан мен Грузия ІІМ басшылары кездесіп, трансұлттық қылмыс, есірткі айналымы және халықаралық іздеудегі қылмыскерлерге қарсы күресті күшейту жөнінде келісімге келген болатын.