Павлодарда синтетикалық есірткі таратумен айналысты деген күдікке ілінген ер адам қолға түсті. Арнайы операцияны облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жүргізген, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу мәліметінше, күдікті интернет арқылы жұмыс істейтін жасырын есірткі дүкенінде “жасырушы” қызметін атқарған. Яғни, тыйым салынған заттарды арнайы орындарға тығып кетумен айналысқан.
Полиция оның үйін тінту барысында синтетикалық есірткі салынған екі ораманы тәркілеген. Сонымен қатар қала аумағындағы жасырын орындардан да есірткі сақталған бірнеше қойма табылған. Тәркіленген заттардың жалпы салмағы 5 грамнан асқан.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір құқық қорғау органдары ұсталған азаматтың есірткінің заңсыз айналымына қатысты басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Полиция жастарға интернеттегі “оңай ақша” туралы ұсыныстарға алданып қалмауға шақырды. Ведомство өкілдерінің айтуынша, есірткі схемаларын ұйымдастырушылар өздерін тасада қалдырып, барлық жауапкершілікті орындаушыларға жүктейді.
Құқық қорғаушылар заңсыз табысқа бола болашақ пен еркіндікті тәуекелге тікпеуге үндеді.