22 мамырға қараған түні журналист Ботагөз Омарова бұған дейін “ВД Строй-Инжиниринг” ЖШС мен оның басшысы Азамат Үсімбековке қатысты жариялаған мәліметтерін ресми түрде теріске шығаратын жазба жариялады. “Терістеу – ақпараттық хат” деп аталған мәлімдемеде ол бұрын таратқан ақпараттарының шындыққа сәйкес келмейтінін мойындап, компания мен оның басшылығынан кешірім сұраған., деп хабарлайды ult.kz.
"Мен, Омарова Ботагөз Қошқынбайқызы, ресми журналист әрі Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ретінде, “ВД Строй-Инжиниринг” ЖШС мен оның директоры Усимбекованың қызметіне қатысты бұған дейін таратқан мәліметтерімді ресми түрде жоққа шығарамын. Атап айтқанда, 2026 жылдың 20 ақпаны мен 7 наурызы аралығында Instagram желісіндегі жеке парақшамда (101tv.kz) және “Айтпа, Ботагөз” Telegram-арнасында жарияланған жазбаларда “ВД Строй-Инжиниринг” ЖШС мен оның құрылтайшысы әрі директоры Усімбеков А.Е. Астанадағы ат спорты кешенінің құрылысына қатысқан “Ремстрой-1” ЖШС қызметкерлеріне қарыз болып, еңбекақыларын төлемей отыр деген жалған ақпарат таратылған еді", – деп жазған Ботагөз Омарова бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Ол ақпараттың шынайылығы, объективтілігі мен бейтараптығы қағидаларын, сондай-ақ “Масс-медиа туралы” заңда көрсетілген журналистиканың негізгі принциптерін елемегендігін мойындайтыныны жазған.
"Компания басшылығының қатысуымен маған “ВД Строй-Инжиниринг” ЖШС-нің “Ремстрой-1” ЖШС алдында қарызы жоқ екенін дәлелдейтін құжаттар көрсетілді. Соған қарамастан, мен жалған ақпарат жариялауды тоқтатпадым. Осылайша, жаңа оқырман жинап, аудиторияның қызығушылығын арттырмақ болдым. Салдарынан бұл жарияланымдар “ВД Строй-Инжиниринг” ЖШС-нің және оның құрылтайшыларының құқықтарына, заңды мүдделеріне әрі іскерлік беделіне нұқсан келтірді. Мен бұл ісіме шын жүректен өкінемін және ресми түрде кешірім сұраймын", – делінген жазбада.
Сондай-ақ журналист жарияланымдардан көңіліне тиген немесе өзінің ақпараттары арқылы жаңсақ пікір қалыптастырғаны үшін аудиториясынан кешірім сұрады.
Омарова Қылмыстық кодекстің 274-бабында қарастырылған көрінеу жалған ақпарат тарату нормасын бұзғанын түсінетінін айтты. Ол әріптестерін кәсіби стандарттарды сақтауға және ақпаратты мұқият тексеруге шақырды.
Шынайылық, объективтілік және аудитория алдындағы жауапкершілік қағидаларын сақтау журналистикаға деген сенімнің негізі екеніне және осындай қателіктердің алдын алуға мүмкіндік беретініне сенімдімін.
Еске салсақ, «VD Stroy Engineering» компаниясының басшысы Азамат Үсімбеков ulysmedia-ға сұқбат беріп, өз пікірін білдіргені туралы жазғанбыз.
Айта кетейік, 21 наурызда журналистке қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол үйқамаққа алынған болатын. Кейін, 13 мамырда ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов бұл істің жақын арада сотқа жолданатынын хабарлаған еді. Ал 20 мамырда Омарованың үйқамақ мерзімінің ұзартылғаны белгілі болды.