«Өмір бойы құжатсыз жүрген»: 42 жастағы азамат алғаш рет жеке куәлік алды

«Өмір бойы құжатсыз жүрген»: 42 жастағы азамат алғаш рет жеке куәлік алды
Polisia.kz

Жамбыл облысында өмір бойы құжатсыз жүрген 42 жастағы азамат алғаш рет жеке куәлік алды, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz жазуынша, Қордай аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметі ер адамның құқықтық мәртебесін анықтап, оған Қазақстан азаматының жеке куәлігін рәсімдеуге көмектескен. Бұған дейін оның жеке басын куәландыратын ешбір құжаты болмаған.

Құжаттары мен тұрақты тұрғылықты мекенжайының жоқтығынан азамат ұзақ жылдар бойы әлеуметтік қиын жағдайда өмір сүріп, көптеген азаматтық құқықтарын пайдалана алмаған. Қордай ауданына көшіп келгеннен кейін ол шалғай таулы аймақта малшы болып жұмыс істеген.

Полиция қызметкерлері алдымен оның жеке басын анықтау жұмыстарын жүргізіп, архивтік деректерді жинаған. Сондай-ақ қажетті мәліметтерді қалпына келтіру, құжаттарды рәсімдеу және жеке деректерін тексеру бойынша сұраныстар жолданған. Нәтижесінде барлық қажетті құжаттар дайындалды.

20 мамыр күні азамат алғаш рет Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін алған. Ол полиция қызметкерлері мен Аяла отбасын қолдау орталығына алғыс айтып, көрсетілген көмектің өміріндегі жаңа кезеңге жол ашқанын жеткізді.