Қазақстанда балалар лагерьлеріне алғаш рет лицензия беріле бастады

Қазақстанда балалар лагерьлеріне алғаш рет лицензия беріле бастады
ҚР ОАМ

Қазақстанда 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап алғаш рет балалар сауықтыру орталықтарын лицензиялау жүйесі енгізілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Жаңа талаптар балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыруды көздейді. Енді балалар лагерьлері арнайы лицензиясыз жұмыс істей алмайды.

Министрліктің мәліметінше, лицензия бес жылға беріледі. Бұл ұйымдарды жыл сайын құжат рәсімдеуден босатып, олардың жұмысын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.

Жаңа жүйеге сәйкес лагерьлер:

  • білім беру және сауықтыру бағдарламаларымен,
  • білікті педагогтар мен медицина қызметкерлерімен,
  • қауіпсіздік жүйелерімен,
  • санитарлық талаптарға сай жағдаймен қамтамасыз етілуі тиіс.

Сондай-ақ бұл талаптар қауіпсіздік ережелерін сақтамайтын бейресми лагерьлердің жұмысын шектеуге мүмкіндік береді.

Қазір өңірлерде әкімдіктер жанынан арнайы штабтар құрылып, балалар орталықтарының жазғы маусымға дайындығы тексеріліп жатыр. Ал министрліктің аумақтық департаменттері лагерьлердің өтінімдері негізінде лицензия рәсімдеуде.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұл шаралар балалардың демалысын қауіпсіз етіп, ел бойынша лагерь қызметінің бірыңғай стандартын қалыптастыруға бағытталған.