Ер адам кинотеатрда попкорнға қақалып қайтыс болды

Ер адам кинотеатрда попкорнға қақалып қайтыс болды

Алматыдағы Forum сауда орталығындағы кинотеатрлардың бірінде 29 жастағы ер адам попкорн жеймін деп көз жұмды, деп хабарлайды ult.kz.

Қайғылы оқиға 17 мамыр күні болған.

Туыстарының айтуынша, ер адам кино басталар алдында попкорн жеп отырып қақалып қалған. Кейін дәретханаға барып келген соң өзін жақсы сезінгенін жеткізген. Бірақ кино залына кірген соң “тамағым жыбырлап тұр”, “жүрегім қысылып барады” деп шағымдана берген. Көп ұзамай есінен танып құлап қалған.

Куәгерлер алғашқы көмек көрсетуге тырысып, жедел жәрдем шақырған. Олардың сөзінше, кинотеатр қызметкерлерінен медицина маманын шақыруды сұрағанда, “бүгін жексенбі, медицина қызметкерлері жұмыс істемейді” деген жауап алған. Шамамен 15 минуттан кейін медицина қызметкері келгенімен, ер адамды аман алып қалу мүмкін болмаған.

Куәгерлер жедел жәрдем 15-20 минутта жеткенін айтады.

Дәрігер Өмірзақ Нұрсұлтан бұл жағдай анафилактикалық шок болуы мүмкін екенін болжады. Оның айтуынша, попкорн немесе оның құрамындағы қоспалар ауыр аллергиялық реакция туғызуы ықтимал.