Қарағандыда медициналық университеттің Үндістан азаматы болған студенті жатақхана терезесінен құлап, көз жұмды. Қайғылы оқиға 17 наурыз күні болғаны айтылған. Студенттің денесі кейін өз еліне жеткізілген, деп хабарлайды ult.kz.
Әлеуметтік желілер мен Telegram арналарында тараған мәліметтерге сәйкес, марқұм 21 жаста болған және медициналық университеттің халықаралық медицина факультетінің соңғы курсында оқыған. Ол жатақхананың бесінші қабатындағы бөлмеден құлап кеткені хабарланған.
Аталған жағдай бойынша университет те, құқық қорғау органдары да студенттің азаматтығын ресми түрде ашып айтпаған.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілген, барлық қажетті сараптамалар жасалған. Жиналған материалдар негізінде қылмыстық іс тоқтатылған.
— Тергеу аясында барлық қажетті тергеу амалдары жүргізілді. Сараптама қорытындылары негізінде қылмыстық іс тоқтатылды, — делінген ресми хабарламада.
Халықаралық медицина факультетінің өкілдері де қайғылы жағдайдың наурыз айында болғанын растады.
— Ол жатақхананың 5-қабатындағы терезеден құлап кеткен. Алған жарақат салдарынан көз жұмды. Университетте буллинг фактілері тіркелген жоқ, психологиялық ахуал қалыпты, — деді оқу орнының өкілі.