Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің телеграм арнасында медициналық білім беру жүйесіне енгізілетін түзетулер туралы жазды, деп хабарлайды ult.kz.
Депутаттың айтуынша, 2022 жылға дейін оқуға түскен студенттер үшін ештеңе өзгермейді. Жаңа өзгерістер тек 2022 жылдан кейін медициналық университеттерге түскендерге қатысты болады.
Қазір медицина университеттерінде оқу үш түрлі жүйе бойынша жүргізіледі:
• 2019 жылы оқуға түскендер (биыл бітіреді) «5 жыл бакалавриат + 2 жыл интернатура» жүйесімен оқиды. 7 жылдан кейін олар тек жалпы тәжірибелік дәрігер (ЖТД) болып жұмыс істей алады. Тар бейінді мамандық үшін резидентура қажет.
• 2020-2021 жылдары түскендер (2026-2027 жылғы түлектер) «5+1» жүйесі бойынша білім алады. 6 жылдан кейін тек 6 мамандық бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Тар бағыттағы маман болу үшін де резидентура міндетті.
• 2022 жылы түскендер 6 жыл оқуы тиіс. Оның ішінде бакалавриат, магистратура және небәрі жарты жыл интернатура бар. Алғашқы түлектер дипломды 2028 жылы алады.
Мұндай жүйедегі негізгі мәселелер
• Жұмысқа орналасу қиындығы
2028-2029 жылы университет бітірген түлектер бірден жұмысқа шыға алмайды. Барлығы міндетті түрде 2-4 жыл резидентурадан өтуі керек. Бірақ резидентура гранттары түлектер санынан әлдеқайда аз. Сондықтан көп студент оқу ақысын өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болады.
• Практиканың аздығы
Бағдарламадағы бір жыл магистратура көбіне диссертация жазуға кетеді. Ал интернатураға тек 6 ай қалады. Осы уақытта студенттің ауруханада ресми мәртебесі болмайды, ақпараттық жүйелерге қол жеткізе алмайды және емдеу процесіне толық қатыса алмайды.
• Тұйық жүйе
Алты жыл оқығаннан кейін де студент жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмыс істей алмайды. Ол үшін тағы да резидентура қажет.
Не өзгереді?
1. 7 жылдық оқу жүйесі қайта енгізіледі
Жаңа формат:
• 6 жыл оқу
• 1 жыл толыққанды ауруханалық интернатура
2. Университеттен кейін жұмыс істеу мүмкіндігі болады
Оқуды аяқтаған түлектер:
• жалпы тәжірибелік дәрігер болып,
• бастапқы медициналық көмектің тағы 5 бағыты бойынша жұмыс істей алады.
Ал тар бейінді маман (невропатолог, нейрохирург және т.б.) болғысы келсе, резидентурада оқуын жалғастырады.
Сонымен қатар оқу бағдарламасы күшейтіліп, кредит саны артады.
Маңызды жаңалықтар
Фундаменталды пәндер күшейтіледі
Анатомия мен физиология секілді негізгі пәндер міндетті бағдарламаға қатаң енгізіледі. Барлық медуниверситеттер оларды толық көлемде оқытуы тиіс. Базалық білімнен кейін студенттер тәуелсіз емтихан тапсырады.
«Дәрігер-интерн» мәртебесі енгізіледі
6-курс студенттері алғаш рет ресми түрде «дәрігер-интерн» мәртебесін алады. Бұл:
• медициналық жүйелерге қол жеткізуге,
• тәлімгер бақылауымен процедура жасауға,
• жалақы алуға,
• қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуге мүмкіндік береді.
Яғни бұл жай формалды тәжірибе емес, нақты жұмыс тәжірибесі болмақ.
2022 жылдан кейін түскен студенттерге таңдау беріледі
Министрлік студенттердің ұсынысын ескеріп, оларға таңдау құқығын қалдырды.
• Қаласа, студент бұрынғы 6 жылдық жүйемен оқып, бірден резидентураға түсе алады.
• Немесе жаңа 7 жылдық бағдарламаға ауысып, университеттен кейін бірден жұмыс істеу мүмкіндігін пайдалана алады.
Соңғы шешімді студенттердің өзі қабылдайды.