Кубаның жасы жүзге таяған экс-президенті америкалықтарды өлтіргені үшін өлім жазасына кесілмек

Кубаның жасы жүзге таяған экс-президенті америкалықтарды өлтіргені үшін өлім жазасына кесілмек

АҚШ Әділет министрлігі Кубаның бұрынғы басшысы Рауль Кастроға сырттай айып тағылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

94 жастағы Рауль Кастро мен тағы бес адам америкалық азаматтардың қазасына және екі азаматтық ұшақты жоюға қатысы бар деп айыпталып отыр. Бұл іс 1996 жылы 24 ақпанда гуманитарлық ұйымға тиесілі АҚШ-тың екі ұшағының атып түсірілуіне байланысты қозғалған.

Тергеу мәліметінше, ұшақтар Оңтүстік Флоридадан Куба бағытына ұшып шыққан. Тергеу нұсқасына сәйкес, Рауль Кастроның бұйрығымен Кубаның әскери жойғыш ұшақтары бейтарап аумақта ұшып бара жатқан қарусыз екі Cessna азаматтық ұшағына ескертусіз зымыран атқан. Соның салдарынан АҚШ-тың төрт азаматы қаза тапқан.

АҚШ Әділет министрлігі Рауль Кастро мен тағы үш айыпталушыға өлім жазасы немесе өмір бойына сотталу қаупі төніп тұрғанын хабарлады.

Соңғы уақытта Куба мен АҚШ арасындағы шиеленіс күшейіп келеді. АҚШ президенті Дональд Трамп  Кубада билік ауысуы керегін бірнеше рет мәлімдеді. Бұл елде коммунистер Фидель Кастро бастаған 1959 жылғы революциядан бері билікте отыр.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Трамп өз мәлімдемесінде Кубаны «шетелдік жау әскери күштеріне пана беріп отырған мемлекет» деп атаған.

Бұған жауап ретінде қазіргі Куба президенті Мигель Диас-Канель арал мемлекеті ешкімге қауіп төндірмейтінін айтты.

Қазір Кубада энергетикалық дағдарысқа қатысты наразылық өтіп жатыр.  АҚШ-тың Кубаға қарсы санкциялары аясында жанармай тапшылығы күшейген соң елде жағдай күрт нашарлаған. 

Рауль Кастро - революционер Фидель Кастроның туған інісі. Ол 2011 жылы Куба Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. 2016 жылы бұл қызметке екінші мерзімге қайта сайланған.

2018 жылы Рауль Кастро Министрлер кеңесі мен Мемлекеттік кеңес төрағасы қызметтерінен кетті. Оның орнына Мигель Диас-Канель келді. Ал 2021 жылдың сәуірінде Кастро Коммунистік партияның бірінші хатшысы ретіндегі өкілеттігін де тапсырды.