Германия Қазақстанға экс-бас көлік прокуроры Дүйсеновті беруден бас тартты

Германия Қазақстанға экс-бас көлік прокуроры Дүйсеновті беруден бас тартты
Ашық дереккөзден

Германия билігі Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновті экстрадициялаудан бас тартты. Бұл ақпаратты Қазақстанның Қазақстан Бас прокуратурасы растады, деп хабарлайды ult.kz.

Ведомство мәліметінше, Мақсат Дүйсеновті Қазақстанға қайтару мәселесі 2025 жылдың қазан айынан бастап қаралған. Алайда Германия тарапы күдіктіні беруден бас тартқанымен, оның нақты себебін түсіндірмеген.

Соған қарамастан, Бас прокуратура Дүйсеновке халықаралық іздеу тоқтатылмағанын және қылмыстық қудалау жалғасып жатқанын хабарлады. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтау үшін, соның ішінде шетелдік құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Еске салсақ, 2025 жылдың тамызында Алматы қаласының Алмалы аудандық полициясы прокуратура бастамасымен Мақсат Дүйсеновке іздеу жариялаған болатын. Көп ұзамай оның бұрынғы басшысы, экс-бас прокурор Қайрат Қожамжаровқа қатысты да тергеу басталғаны белгілі болды.

Тергеу материалдарына сәйкес, Қожамжаровқа лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру деректері бойынша күдік келтірілген.

Ал 2025 жылдың қыркүйегінде Германияның құқық қорғау органдары Мақсат Дүйсеновті өз аумағында ұстаған еді.

Айта кетейік, Мақсат Дүйсенов 2018 жылы сол кездегі Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың бұйрығымен бас көлік прокуроры қызметіне тағайындалған. Әр жылдары Қазақстан Қауіпсіздік кеңесі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросында жауапты қызметтер атқарған.