Екібастұзда жеті жасар бала ашық жатқан кәріз құдығына құлап, ауруханаға түсті. Оқиға сәті видеоға түсіп, әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды ult.kz.
Автордың айтуынша, жазатайым жағдай 20 мамыр күні қаланың орталық алаңындағы екі субұрқақтың арасында болған. 2019 жылы туған бала тереңдігі екі метрден асатын, қоршалмаған құдыққа құлап кеткен.
Салдарынан жеткіншек дене жарақатын алып, қазір медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр.
Видео авторы қауіпті нысанның адам көп жиналатын қоғамдық орында орналасқанына назар аударып, аумақта ешқандай қоршау мен ескерту белгісі болмағанын айтқан.
«Бұл жағдай қалалық инфрақұрылымға жауапты мекемелердің өз міндетіне салғырт қарағанын көрсетеді», — деп жазды ол Instagram парақшасында.
Сондай-ақ автор кінәлілерді жауапқа тартуды және оқиғаға құқықтық баға беруді талап етті.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қауіпсіздік ережелерін бұзу бабымен қылмыстық іс қозғалған.
«Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның себептері мен барлық мән-жайы анықталады», — деп хабарлады ведомстводан.