Алматыда арық желілері мен нөсер кәріз жүйелерін салу және қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды ult.kz. Қаладағы арық жүйесінің жалпы ұзындығы 1 525 шақырым.
2021 жылдан бері су бұру жүйесін жаңғырту бойынша жалпы құны 16,5 млрд теңге болатын үш жоба іске асырылуда. Қаланың орталық бөлігіндегі жұмыстар толық аяқталып, 76,6 шақырым желі жаңартылды. Қаланың шығыс және батыс бөліктеріндегі жұмыстар биыл аяқталады.
Жауын-шашын кезінде қалада арықтар мен нөсер кәріздерінің жағдайына күшейтілген бақылау жүргізіледі. Мамандар судың уақытылы ағуын қамтамасыз ету үшін желілер мен су өткізу құрылыстарын тұрақты түрде тазартып отырады.
Соңғы жылдары Алматыда қысқа уақыт ішінде қатты нөсер жауу жиілеген. Кей жағдайда 1–2 сағаттың ішінде айлық жауын-шашын мөлшерінің жартысына дейін түсуі мүмкін. Сонымен қатар тығыз құрылыс пен асфальт жамылғысының көп болуы жүйеге қосымша жүктеме түсіреді.
Су басу қаупін азайту мақсатында аудан әкімдіктері мен салалық қызметтер проблемалы учаскелерге тұрақты мониторинг жүргізіп, оларды кезең-кезеңімен қайта жаңғырту жобаларына енгізуде.