Алматы облысында өлі табылған 25 жастағы жігіттің туыстары әділдік сұрады

Алматы облысында өлі табылған 25 жастағы жігіттің туыстары әділдік сұрады
ашық дереккөз

Алматыда із-түзсіз жоғалып, бірнеше күннен кейін Алматы облысы аумағынан мәйіті табылған 25 жастағы Ерзат Егінбайдың жақындары әлеуметтік желі арқылы үндеу жасап, істің әділ тергелуін талап етті, деп хабарлайды ult.kz.

Бұған дейін полицейлер мен еріктілер Алматының Жетісу ауданында күндіз жұмыс орнынан шығып кетіп, қайта оралмаған жігітті іздестіріп жатқаны хабарланған еді.

Туыстарының айтуынша, Ерзат Шалқарұлы 19 мамыр күні сағат 14:00 шамасында Райымбек даңғылы бойындағы жұмысынан дүкенге шығатынын айтып кеткен. Осыдан кейін онымен байланыс үзілген. Оның телефоны соңғы рет Алматы облысы аумағында тіркелген.

Марқұмның ағасы Ерзаттың бұрын-соңды үйден ескертусіз кетпегенін, ешқандай медициналық есепте тұрмағанын және қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын айтты.

Төрт күннен кейін жігіттің көз жұмғаны белгілі болды. Марқұмның туыстарының сөзінше, оның денесі Космос ауылы маңындағы көлшіктен табылған.

Жеңгесінің айтуынша, алдын ала мәлімет бойынша Ерзат қатыгездікпен өлтіріліп, кейін суға тасталған болуы мүмкін. Мәйітті сол маңда жүрген балықшылар байқап, құқық қорғау органдарына хабар берген.

Марқұмның жақындары кінәлілердің толық жауапқа тартылып, әділ жаза алуын талап етті.

"Ең өкініштісі — біз Ерзат жоғалған алғашқы күннен бастап өз күшімізбен барлық бағытты іздеп, ағайын-туыспен бірге камераларды аштырып, жүрген маршрутын анықтап бердік. Соған қарамастан, жауапты органдар тарапынан тиісті деңгейде жұмыс болмады. Бірде-бір жедел әрекет нақты нәтиже бермеді. Біз көрсеткен деректер мен бағыттарға дер кезінде назар аударылмады.

Осы жағдай бойынша жауапты адамдар да тиісті жауапкершілікке тартылуы тиіс деп есептейміз.

Қазіргі таңда барша адам сұрап жатқандықтан, осы мәліметті жариялауды жөн көрдік.

Сіздерден сұрайтынымыз — біздің әділдік табуымызға тілектес болып, дұғада болыңыздар. Әділдік орнасын. Кінәлілер жазасын алсын", - деп жазды марқұмның туысы.