Өзін полицей және әлеуметтік қызметкер етіп таныстырған екі зейнеткерді миллиондап алдап кеткен

Өзін полицей және әлеуметтік қызметкер етіп таныстырған екі зейнеткерді миллиондап алдап кеткен
depositphotos.com

Қарағандыда полицейлер егде жастағы тұрғындарды алдап, миллиондаған теңгені иемденген 31 жастағы күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ult.kz.

Облыстық полиция департаментінің алдын ала мәліметі бойынша, ер адам қариялардың сеніміне кіріп, жалпы сомасы 2,8 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген.

Тергеу барысында күдіктінің қылмысты түскі уақытта жасап отырғаны анықталған. Ол алдын ала ойластырылған схема бойынша әрекет етіп, зейнеткерлердің аңғалдығын пайдаланған.

Полиция мәліметінше, алғашқы жағдайда күдікті өзін учаскелік инспектор ретінде таныстырып, 77 жастағы қарияның үйіне кірген.

«Телефон нөмірлерін «жаңарту» сылтауымен ол зейнеткердің депозиттік шотынан өз есепшотына 1 миллион 350 мың теңге аударып алған», — делінген хабарламада.

Қария ақшасының жоғалғанын тек кешке қарай байқаған.

Келесі күні дәл осы күдікті 74 жастағы тағы бір тұрғынды алдаған. Бұл жолы ол өзін әлеуметтік қызметкер ретінде таныстырып, медициналық такси рәсімдеуге көмектесетінін айтқан.

Сенімге кіру үшін әйелге 20 мың теңге берген. Кейін «такси картасын рәсімдеу» барысында зейнеткердің биометриялық бейнежазбасын түсіріп алған.

Арада көп уақыт өтпей банк қызметкерлері хабарласып, әйелдің атына несие рәсімделгенін жеткізген. Келтірілген шығын көлемі 1,5 миллион теңгені құраған.

Жедел іздестіру шаралары кезінде күдіктінің бұрын алаяқтық үшін сотталған Қарағанды қаласының 31 жастағы тұрғыны екені анықталды.

Қазір ол қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.