Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілерде аутизм туралы тарап жатқан жалған мәлімдемелерге қатысты қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды ult.kz.
Министрлік соңғы уақытта интернетте «аутизмді толық емдеу», «жалған аутизм» секілді ғылыми дәлелі жоқ теориялар жиі таралып жатқанын атап өтті. Ведомство азаматтарды мұндай ақпаратқа сын көзбен қарап, тек дәлелді медицинаға сенуге шақырды.
Министрліктің мәліметінше, аутизм спектрінің бұзылыстары — халықаралық медициналық қауымдастық мойындаған нейродамудың ерекшелігі. Аутизмнің пайда болуы тәрбиеге, гаджеттерге немесе вакцинацияға байланысты емес екені айтылды.
Сондай-ақ бүгінгі күні аутизмді «тез әрі толық емдейді» деген ғылыми тұрғыда дәлелденген әдіс жоқ екені ескертілді.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, күмәнді дәрілер мен «ғажайып терапиялар» туралы уәделер ата-аналарды адастырып қана қоймай, баланың уақытылы кәсіби көмек алуына кедергі келтіруі мүмкін.
– Бала үшін ең маңыздысы – ерте анықтау, дер кезінде түзету көмегін алу, мамандардың сүйемелдеуі және отбасының қолдауы, – деп мәлімдеді министрлік.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі балалар денсаулығы хайп пен жалған сенсацияның құралына айналмауы тиіс екенін атап өтті.