26 нау, 2019 сағат 11:02

Жаңа емле принциптерінің үйлесімділігі

Қазақ халқының мәдени дүниесінде ұлттық тілдің рөлі ерекше. Осы ұлттық тілдің орфографиялық заңдылықтарын реттеп, жүйелеу, нормаға түсіру бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің біріне айналып отыр. Ұлттық тіліміздің қызметін айқындауда жазу мәдениеті үлкен рөл атқарады. Қаншама ғасыр бойы араб графикасын пайдаланған қазақ халқы  саяси идеологияның нәтижесінде кирилл жазуына ауысты. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің арқасында латын графикасына бетбұрыс жасалды. Жалпыхалықтық сипат алған  тілдік реформа ұлттық жазба тіліміздің дамуына көп өзгерістер әкеліп жатыр. Латын әліпбиі – дүние жүзінде кеңінен қолдынылып отырған  графика. Оның тарихы көне замандардан басталады.

Жалпы қазақ тілінің латын графикасына ауысуы тұтқиылдан болып жатқан дүние емес. Бұның да өзіндік себептері, негіз болған уәждері бар.  Латын  графикасына байланысты жасалған өзгеріс, біріншіден, «ұлттық рухты жаңғыртумен» байланысты болса, екіншіден, қазіргі жаһандану үрдісіне қатысты, үшіншіден,  ана тіліміздің қызметін, жұмсалу өрісін  кеңейтумен байланысты болып отыр.

Латын графикасы негізінде жасалып жатқан сапалық өзгерістер көп. Жаңа емле негізінде жекелеген сөздердің жазылу тәртібі, сонымен қатар жеке дыбыстардың, дыбыстық тіркестердің, кейбір грамматикалық категориялардың жазылу ережесі айқындалып отыр. Орфографиялық ережеде жазу тәжірибеміздегі жетістіктер, дыбыстық жүйенің заңдылықтары, әдеби тіліміздің лексикалық қабатындағы өзгерістер де негізге алынады.

Кейбір мәселелерге байланысты пікірталастың орын алуы заңды құбылыс. Бұл жайттардың бәрі қазақ қоғамының тіл мәселесіне жанашырлық танытуы, бей-жай қарамауы деп түсіну керек.  Қоғам сынынан өткен дүние ғана шыңдала түсері анық.

Латыннегізді әліпби емлесінің негізгі ережелерін түзуде қазақ халқының қалыптасқан нормалары ескеріліп, ұлттық жазба тіліміздің заңдылықтары басшылыққа алынады. Ережеде төл сөздеріміздің тіл үндестігі бойынша жазылу ерекшеліктері, дау туғызып жүрген кейбір әріптердің жазылу нормасы,  бірқатар кірме сөздер айтылуы бойынша игерілген түрде жазылу сипаты, бірге, бөлек, бас әріппен жазылатын  сөздер емлесі  сараланған.

Жаңа емле ереже фонематикалық принципке сүйенеді. Яғни, бұл ұстаным бойынша дыбыстардың сөз ішіндегі немесе сөз тіркесіміндегі өзара әсері ескерілмей,  негізгі фонемалық түрі сақталып жазылады. Көптеген тілдерде  жазу ережесінде бірнеше принципті басшылыққа алатыны белгілі.  Әр принциптің ерекшелігіне қарай ережелер топталады. Кирилл жазуында басты принцип ретінде морфологиялық-фонематикалық принцип деп, морфологиялық принцип пен фонематикалық принцип қатар қолданылды. Морфологиялық принцип бойынша сөз бөлшектерінің түбір тұлғаларының сақталып жазылу ерекшеліктері негізге алынатыны белгілі.

Жалпы қазақ жазу жүйесінде фонематикалық принцип пен морфологиялық принциптердің бірігетін, тоғысатын тұстары да баршылық. Кейде екеуін бір принцип деп қарастыру да кездеседі. Бұл көзқарас екі принциптің тоғысатын тұстарына, ұқсастықтарына байланысты болса керек.   Қазіргі жазу жүйесінде  қазақ тілінің заңдылықтарына сай фонематикалық принциптің басшылыққа алынуы  заңды. Кез келген жазу жүйесінде бір принцип басымдық танытып, қалғандары қосымша қызмет атқарады. Бұл принцип  жазуда қалыптасқан дәстүрге сүйеніп,  дыбыстардың өзара әсерін ескермей, фонемалық мәнін сақтауға   негізделеді. Яғни, фонематикалық принципте фонеманың сөз ағымындағы түрленім ерекшелігі ескерілмей,   сөздің түбір мофемасында да, қосымша морфемасында да, сөз аралығында да  өз мәнін сақтайды. Егер морфологиялық принцип сөздің түбір тұлғаларын сақтап жазуға ғана негізделсе, фонематикалық принцип фонеманың сөз ішіндегі де, морфемалар жігіндегі де, сөз аралығындағы да мәнін сақтап жазуға негізделеді. Яғни, морфологиялық принципке қарағанда фонематикалық принциптің қызметі әлдеқайда кең.

Кез келген жазу жүйесінде негізгі басым принциппен қатар  қосалқы принциптер де қызмет атқарады. Себебі барлық тілде ертеден қолданып келе жатқан байырғы сөздер, кірме элементтер ұшырасады. Кірме элементтер басқа тілден енген қолданыстар болғандықтан, олардың ұлттық жазба тіліміздің заңдылықтарына үйлесуі қиындық тудырады. Латыннегізді әліпби емлесінде негізгі принцип ретінде  фонематикалық принцип қолданылса, қосалқы принциптер ретінде фонетикалық принцип, дәстүрлі принцип беріледі. Фонетикалық принцип шеттілдік сөздердің жазылу ерекшеліктеріне байланысты қолданылып отыр.

Бұл жазу жүйесі ұлттық жазба тіліміздің даму бағытына  оң әсерін тигізері сөзсіз. Әдеби тілдің   орфографиялық нормасының  жүйеленуі ұзақ уақытты қажет етеді. Тілдегі кез келген жаңа нәрсе уақыт өте келе орнығады, өзінің өміршеңдігін дәлелдейді. Және де болып жатқан жаңа өзгеріске сыншы халық және уақыт. Сондықтан жаңа жазу жүйесіндегі өзгерістер бұл қазақ халқының тарихындағы шешуші қадам болғандықтан, көп күш-жігерді қажет етеді.

Бәріміздің негізгі міндетіміз осы ана тіліміз үшін қызмет ету болғандықтан, жазу жүйесінде болып жатқан   өзгерістерді қолдауымыз керек деп ойлаймын.

Мәдениетті де, өнерді де, тарихты да танытатын  тіл. Ендеше, тілдің жазу жүйесін қалыпқа келтіру, жаңа орфографиялық ережені көпшілікке ортақ нормаға айналдыру – бәрімізге ортақ іс. Қазақ тілі – халқымыздың рухани қазынасы.   Ал  жазу жүйесі – халыққа ортақ құндылық. Сондықтан бұл латыннегізді әліпби емлесі ұлттық жазба тіліміздің дамуына ықпалы зор екенін ұмытпағанымыз жөн. 

Ләззат Еспекова,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің

профессоры, ф.ғ.к.