Құрметті Президент мырза!
Ардақты Нұрсұлтан Әбішұлы!
Сізге осы хатты жазуымның мәнісін түсініп отырған боларсыз, мазаңызды алсам - ғафу етерсіз... Өзіңіз хабардар шығарсыз, өте бір ыңғайсыз жағдайға тап болып отырмын. Мен продюсерлік ететін "Феникс" фильмін түсіруге дайындықтар кезінде, оны ұйымдастырушылар тарапынан бөлінген қаржының ысырап болып жатқаны жайлы тергеу ісі жүріп жатыр. "Негізсіз жұмсалды" деген қаржыға менің қатысым болмаса да, істі ушықтырмайын деп, туыстарым мен шәкірттерім ақша жинап, көрсетілген 5 млн. ақшаны қайтардық. Осы уақиғадан кейін, сарыуайымға салынып, шұғыл емханаға түстім. Содан бері сырқатым үдеп барады.
Білесіз, мен қаржыгер емеспін, бөлінген қаржыны орнымен жұмсауға тиісті адамдар, оған тікелей жауап беретін орындаушы продюссер бар. Менікі жалпы басшылық, ақша жағына араласқан емеспін, ондай бірде-бір құжаттарда, жасалған келісім-шарттарда менің қолым жоқ. Басты арманым - еліміздің имиджін одан ары көтеретін фентези жанрындағы көркем фильм жасауға қатысып, басты ролінің бірін орындау ғана еді...
Енді, менің сол "сенген" адамдарым бәрін маған жауып, өздерін ақтап алмақшы боп жатыр. Менің ол ақшаның ретсіз жұмсалуына ешқандай қатысым болмаса да, істі тергеушілердің тегеурініне түскен қаржыға жауапты әйел адамдарды аяп, бір жағы құрылтайшысы өзім компанияның абыройын жабу үшін жасаған адал әрекетіме қарайтын түрлері жоқ. Менің кінәм - төңірегімдегі адамдарға құлай сеніп, салақтық жасап, жиі тексеріс жасамағаным болып отыр. Дегенмен, қанша тексерсем де, мен кино түсірудің қаржылық құпияларын түсінбейтін де едім. Алдында болған бірді-екілі аудит, т.б. тексерулерден таза шыққандай еді...
Қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлы!
Әуелі, ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың арман еткен Тәуелсіздіктің туын тігіп, іргесін қалап, Ұлы Даланы ымырамен Мәңгілік Елге бастаған Өзіңізден, осы келеңсіз жағдайға душар болғаным үшін, мені сыйлап қадірлейтін, бүгінгі жағдайыма күйзеліп жүрген бүкіл көрермен халқым мен әріптестерімнен кешірім сұраймын. Менің Сізден басқа сенерім де, сүйенерім де жоқ. Аңғалдықпен ұятты болған бір ініңізге шапағатыңызды тигізер ме екенсіз... Жетпіске таянған жасымда тағдырдың мұндай тауқыметіне тап болғаныма қатты күйінудемін...
Өзіңізге деген құрметі шексіз бауырыңыз -
Тұңғышбай Жаманқұлов