30 қаң, 2018 сағат 12:10

Төреғали бізді Ресейден қорғайды

Мұны түсіндіру үшін алдымен қоғамдық өмірімізде жиі сөз болатын “Егер Украинадағы жағдай бізде қайталанса, не болады?” деген риторикалық сұраққа жауап берген жөн.   

 Ресейді – агрессор, әрекетін – басқыншылық деп тану аз

Біздіңше, Қазақстанда Украинадағы жағдай мүлде қайталанбайды. Тіпті солтүстіктегі көршіміз мемлекеттігімізге анау айтқандай қауіп төндірмеуі де мүмкін.

Қазақстан тәуелсіздікке ие болған күннен бері Ресей өзінің идеологиясын бізге сіңіру мүмкіндігінен күн өткен сайын айырылуда. Орыстар Қазақстандағы қоғамдық-саяси, мәдени-рухани жағдайдың қалай қалыптасып жатқанынан бейхабар.  

Ал Украинада жағдай басқаша. Бұл елде саяси қақтығыстан гөрі мәдени қарама-қайшылық қатты ықпал етіп тұрғанын байқаймыз.  

2014 жылы «майданның» арқасында билікке келген Порошенко өз саясатының өзегі ретінде ЕуроОдақпен ынтымақтастықты тереңдетіп, Еуропаның бір пұшпағына айналуды негізгі мақсат етті. Сонымен қатар ұлтшылдық пен декоммунизация да қарқын алғанын білеміз. Бүгінгі Киевтің негізгі саясаты осы бағытқа ойысқан.

Украинаның ЕуроОдаққа бет бұрып, еуропалық мемлекетке айналуға ұмтылуы – құптарлық іс. Бұл үшін олар бірінші кезекте орыс ықпалынан арылуы керек.  

Біздіңше, украиндар орыс ықпалынан арылу үшін Ресейді – агрессор, оның әрекетін – басқыншылық деп қабылдауы жеткіліксіз.

70 жыл Украина халқын (бізді де) орыстар табанға салып таптағанда оларға өз мәдениетін таңып, отарлаудың көптеген құйтырқы әрекетін пайдаланып, санаға құлдық психологияны аямай сіңірді. Бүгінде батпандап кірген сол кесел мысқылдап, әрең шығып жатыр.

Украинадағы орыс ықпалы хақында

Өткен жылы Украина билігі ел аумағындағы өзге ұлт өкілдерінің балалары украин тілінде білім алуын талап ететін заң қабылдап, Польша мен Венгрия арасындағы байланысына сызат түсті.

 Тіпті мұны Украинаның өз ішіндегі бірқатар саяси сарапшылар қабылдай алмайтындарын ашық айтқаны есімізде.  

Осы ретте «Польша мен Венгрияны тоңтеріс күйге түсіретіндей мұндай заңды Порошенко неге қабылдады?» деген заңды сұрақ туындайды. Шындығында Порошенко болашақта орыс ықпалын әлсірету үшін осындай қадамға барғанын қарапайым украиндықтар түсінбеуде.

Порошенконың бастамасына поляктар мен венгрлердің қарсылық танытуын түсінуге болады. Ал ел ішіндегі өздерін еркін ойлы либералдар санайтын кейбір азаматтардың биліктің тілге қатысты күлдібадам әрекеттен гөрі, нақты, радикалды іске барғанын неге қолдамады? Енді ең өзекті осы мәселеге ой жүгіртіп көрсек.  

Украина орыс ықпалынан толықтай құтылуы үшін орыстың мәдениетінен, әлемді тамсандырған әдебиетінен  (уақытша болса да) бас тартуы тиіс. Әйтпесе Украина Ресейдің қысымынан ешқашан құтыла алмасы анық.

 Мұны ерте бастан түсінген Петр Порошенко тіл мәселесінде өзіне оңай соқпайтын біле тұрса да (тіпті орға да жығуы мүмкін), радикалды қадамға барды.

Батысқа қосылғысы бар Украина президентінің мұндай таңдау жасауын демократтар әлі күнге дейін қабылдай алмай келеді.

Бұған дейін Украина билігі телеарналардың Ресей фильмдерін көрсетуге үзілді-кесілді тыйым салғаны есімізде. Бірақ Ресейге тұмсығын созып, жел қармайтын кейбір телеараналар ескі “әдетіне” басып,  жаңа жыл кезінде “Ирония судьбы” фильмін көрсетіп, бастары дауға қалды.

Биліктің телеараналарға байланысты ұстанған бұл саясаты дұрыс па? Біздіңше, дұрыс. Иә, “Ирония судьбы” фильмінде Путин саясатын насихаттайтын ешқандай эпизодтар жоқ. Бірақ бұл – фильм кеңестік замандағы мәдениет пен құндылықтарды насихаттайтын, украиндықтарға кезінде кеңестің жүйенің бір пұшпағы болғанын еске салатын туынды емес пе?

Ойлаңызшы, орыстардан біраз зәбір көрген Польша билігі дәл осы фильм өте керемет өнер туындысы болса да, эфиріне жіберер ме еді? Поляктардың бұл фильмді мүлде көрсетпесі анық.

Міне, Украина (бізде) Ресей ықпалынан арылу үшін оның жақсы, жаман дүниесінен толықтай арылуы керек.

Украинаның медиа саласында осындай оқиға орын алғанда, қоғамның белсенді топ өкілдері не айтты?

Айталық, Украинның қуатты мемлекет болғанын жан-тәнімен қалайтын белгілі журналист Дмитрий Гордонның өзі қазіргі Украина билігінің саяси “астары” жоқ мұндай фильмдердің эфирге шығаруға тыйым салғанын ақылға сыйдыра алмайтынын айтқанда таңғалдық.

Киев орыс оппозициясының тылына айналды

Қазіргі таңда Путиннің саясатына қарсылық танытып, елден қуылған Ресейдің либерал журналистері мен саясаткерлері Киевті бетке алып, путиншіл билікке қарсы күресін Украинада жалғастыратын “жақсы” әдет тапты.

Айталық, кезінде НТВ-ның белді журналисті болған Евгений Киселев пен Савик Шустер өздерінің Кремльге қарсы күресін Киевте жалғастырып жүргенін білеміз.

Өткен жылы Савик Шустер Порошенкомен жүз шайысып, өзінің “Шустер Live” деп аталатын саяси ток-шоуының жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.

Сол сияқты Владимир Путиннің экономикалық мәселелер бойынша кеңесшісі болған Андрей Илларионовтың Мәскеуден гөрі Киевте көбірек болатыны әмбеге аян.

 Осылайша 2014 жылдан бері Киев Ресейдің оппозициялық күштерінің негізгі тылына айналды.

Ойлаңызшы, Петр Порошенко Путинге қарсы топтарды Украинаға жинап, не ұтады? Қайта керісінше ұтылып жатқанын өзі де байқамайтын сыңайлы. Бұл Порошенконың басты қателігі болып тұр.

Иә, Ресейдің либералды күштерінің көрнекті өкілдерімен бір сапта Путинге қарсы күресуге болады. Ал олармен қол ұстасып, Ресейдің Украинаға жасап отырған мәдени экспансиясы мен орыс ықпалын әлсірету мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес.

Күні кеше Порошенко тілге қатысты заң қабылдағанда бірінші кезекте Ресейден ауып келген “либералдар” қарсы шықты. Иә, орыс мәдениеті әлемдік мәдениеттің үлкен бір бөлшегі екенін әлем халқы мойындайды.

Бірақ Ресеймен соғыс жағдайына жеткен Украина үшін орыс мәдениеті үлкен қатер екенін естен шығармаған абзал.  

Біздіңше, Украина жеріндегі Ресейдің еркін ойлы либералдары орыс тілінің қысымшылыққа ұшырағанын қаламайды. Сондықтан олар биліктің бұл бағыттағы бастамасын қолдамай, қарапайым украиналықтарды екіұдай күйге салып отырғанын да ұмытпаған да абзал.

Бұдан басқа Грузиядағы либералды күштердің өкілі Михаил Саакашвили мен марқұм Каха Бендукидзенің де өз ісін Укрианада жалғастыруға ұмтылуынан, соңғы уақыттары ТМД аумағында ресми Киев саяси тартыстың орталығына айналып кеткенін байқауға болады.

Украина мен Ресей мәдениетінің ұқсастығы

Осыған дейін Ресей мен Украинаның шоу-бизнесі тонның ішкі бауындай араласып келеді (алдағы уақытта да араласа беретіне сенімдімін). Украинаның әйгілі әншісі София Ротару өзін Алла Пугачеваның басты бәсекелесі санаса, рок бағытында ән айтатын «Океан Эльзы» тобы өзінің жүрек тебірентер әндерін орыс тілінде шырқап келеді. Ал «Верка Сердючка» болып Ресейдегі мыңдаған көрермендердің жүрегіне жол тапқан, Андрей Данилко былайғы жұрт орыстардың әртісі деп танитыны белгілі.  

Осындай тығыз мәдени байланыс орнаған тұста Украинаның қысқа мерзімде Ресейдің ықпалынан босап шығады дегенге сене алмайсың. Осы бір жайттардың бәрі Порошенконың алға басқан қадамын кері тарта беретіні анық.  

Қазақта орысқа қарсы иммунитет қалыптасты

Ал Қазақстанда мұның бірі де жоқ. Кеңес заманының өзінде орыстар қазақтарды кемсітіп, төбеден түйгіштеп отырды. Міне, соның пайдасын бүгін көретін мүмкіндік туып келеді. Орыстардың Қазақстанда мәдени ахуалдың қай бағытта дамып жатқанын білмеуі, Кремльдің бізге бағыттаған иделогиясымен тиімді күресетін мүмкіндікке ие болып, иммунитет қалыптасып келеді.  

Біреулер «Қайрат Нұртастың Нюшамен қосылып ән айтып, орыс мәдениетінің шашбауын көтерді» деп айтып жүргенін білеміз. Бұл жерде қайта Қайрат Нюшаны пайдаланып, еліміздегі орыс тілді қауымның назарын өзіне аударуға (қазақ шоу-бизнесіне) тырысқанын байқауға болады.

Осылайша біздің Ресеймен арадағы мәдени байланысымыз күн өткен сайын көмескі тартып келеді.

Ұлы Отан соғысының мерейтойы кезінде кеңестік кезеңде танылған Роза Рымбаеваның ғана Кремльдің концерт залында ән салғанын білеміз. Айтулы датаның шеңберінде ұйымдастырылған бұл шара Ресей көрермендері тарапынан үлкен қолдауға ие болды деп айта алмаймыз.

Сол сияқты қандасымыз Арман Давлетьяровтың Астанада «МУЗ-ТВ 2015. Гравитация» байқауын ұйымдастыруы да көпшіліктің қолдауына ие болған жоқ.

Сол кезде «МузАРТ» тобының белді әншісі Сәкен Майғазиев «МузАРТ»-тың атынан айтайын, біз бармаймыз! Премиясы өзіне, ол Қазақтың «МузАРТ»-қа деген махаббатынан биік емес. Қазақтың мәдениетін, халықтық музыкасын, дәстүрлі әнін дәріптеу, міне, бізге осы абырой!», – деп кесіп айтқанынан орыстың шоу-бизнесі қазақ топырағында өркен жаю мүмкіндігінен толықтай айырылғанын байқауға болады.

Бүгінде «МузАРТ» тобы – қазақ шоу-бизнесінің төбе басында тұрған өнер ұжымы. Ресейдің әйгілі байқауы «МузАРТ-ты» қызықтырмаса, іргедегі көршіміздің мәдени экспансиясы әрқашан сәтсіздікке ұшырайтынын бағамдауға болады.

Бүгінгі қазақ қоғамы үшін Төрештің айналасында болып жатқан оқиғалар қызықты.

Сондықтан Төрағалидың әрбір әні, әрбір PR қадамы біздің Ресейдің мәдени экспансиясынан қорғайтынын ешқашан естен шығармауымыз керек.

Бүгінгі біздің шоу-бизнесіміз (оның сапасы жайында сөз басқа), тойшыл қауымымыз орыс мәдениетінен бізді күн өткен сайын алыстатуда. Қазір кейбір орыстардың өздері домбыра шертіп, қазақ тілінде попурий айтып, қазақыланып жатқанын бәріміз білеміз. Сондықтан қазақ шоу-бизнесінің қазанын қайнатып жүрген Төреш бастаған әншілерімізге алғыс айтуымыз керек…

Нұрлан ЖҰМАХАН

«Қала мен Дала» газеті