02 сәу, 2025 сағат 10:38

Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар басталды

Фото: ҚР МАМ

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Халық қаһарманы, көрнекті композитор, күйші, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Әлқисса-Нұрғиса» атты мерейтойлық концерттің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл концерт композитордың 100 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар бағдарламасының бастамасы болды.

Кеште ұлы тұлғаның құрметіне Мемлекет басшысының атынан гүл шоқтары табыс етілді.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, белгілі музыканттар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, халықаралық байқаулардың лауреаттары, сондай-ақ еліміздегі өнер ұжымдары қатысты. Олардың қатарында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырарсазы» оркестрі,  Еркеғали Рахмадиев атындағы академиялық филармониясының симфониялық оркестрі, Б. Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы және танымал әншілер мен өнерпаздар бар.

Фото: ҚР МАМ

Концерттік бағдарлама бойынша көрерменге Нұрғиса Тілендиевтің қазақ музыкасының алтын қорына енген шығармалары ұсынылды. 

Жыл бойы Қазақстанның барлық өңірінде 100-ге жуық іс-шара  өтеді. Атап айтсақ, көрмелер, концерттер, байқаулар мен фестивальдер ұйымдастыру жоспарланған.

Фото: ҚР МАМ

Қазақ музыкасының дара тұлғасының мерейтойы тек елімізде ғана емес, ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ сияқты беделді ұйымдардың қолдауымен халықаралық деңгейде де аталып өтеді.

Мерейтойлық бағдарламаның басты іс-шарасы– Қазақстанның Мәдениет күндері аясында Франциядағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өтетін Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналғансалтанатты концерт. Сондай-ақ АҚШ-та, әйгілі Карнеги-холлда, концерт пен көрме ұйымдастырылса, Бейжіңде «Құстар қайтыпбарады» концерті аясында композитордың әндері орындалады.