25 қыр, 2016 сағат 11:33

Зұлымдықпен қоғам болып күресу керек

Алматы қаласында «Діни экстремизм және терроризмге қарсы тұру: кедергілер және оны шешу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шара «Ауыл» ХДПП-ның және Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық Заң Академиясының бірлескен бастамасы негізінде ұйымдастырылды. 

Шара мақсаты – қоғамға іріткі салушы экстремизм мен терроризмді тамырымен жою, болдырмау, алдын алу, әсіресе жастар арасында бұл зұлымдықтардың қаупін түсіндіру.  

«Терроризм және діни экстремизм бүкіл әлемді тыныштығынан айырды. Бұл қасірет қоғамның барлық саласын қамтып қаулап барады. Сондықтан да лаңкестікпен күресу тек мемлекеттік және құқық қорғау органдарының міндеті деп қарау дұрыс емес. Зұлымдықпен қоғам болып күресу керек». Бұл партия активінің пікірі.  

Жастар теріс ағым жетегінде кетпеуі үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Лаңкестік, діни экстремизм, жікшілдік секілді теріс ойларға төтеп беретіндей әлеуметтік, гуманистік, адами құндылықтарға негізделген идеологияны ұрпақ санасына сіңіру маңызды. Бүгінгі дөңгелек үстелдің көздегені де осы.

«Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаевтың айтуынша «терроризм қаупін сейілту үшін жеткіншек ұрпақты тәрбиелеуде отбасының орны мен ролін арттыру өте маңызды мәселе». «Сонымен бірге, орта және жоғары оқу орындарындағы жастарды терроризм мен діни экстремизмге қарсы  бекініс ретінде қарастыруымыз қажет», деді ол.

Сондықтан да әр жастың бойында радикалды діни бағытқа қарсы тұрарлықтай имунитет қалыптастыру үшін отбасы және оқу орны кешенді жүйелі жұмыс жүргізу тиіс. Дөңгелек үстел қатысушыларының жұмысты қорытындылап, жасаған мәлімдемесі де осы бағытта құрылған. Сонымен қатар мәлімдемеде:

  • Діни экстремизм және терроризмге қарсы күрес қызметін ғылыми- әдістемелік бағытта қамтамасыз ететін база жұтаң. Осыған  байланысты, ғылыми фундаментальды және ғылыми қолданбалы зерттеулерге сүйенген, мықты ғылыми әдістемелік база құру; 
  • Бұл саланы зерттейтін тиісті ғылыми орталықтар шашыраңқы орналасқан. Сондықтан лаңкестік пен экстремизм проблемаларын терең зерттеу жөніндегі біртұтас үйлестіруші орын Ғылыми-зерттеу институтын құру;
  • Терроризм экстремизм бойынша қылмыс жасағандарға өлім жазасын кесу;
  • Осы саладағы барлық заңдарды жетілдіру үшін инвентаризациялау...және т.б. секілді ұсыныстар жинақталған.

Нақты 13 ұсыныстан тұратын мәлімдемені жиналғандар бір ауыздан бекітіп, тиісті органдарға жөнелтуге келісті. Сонымен қатар бұл ұсыныстар парламентте қаралып жатқан «Терроризммен күрес жөніндегі» заң жобасын талқылау кезінде ұсынылатын болады.

Айта кету керек, терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрес тақыбырына арналған іс-шаралар «Ауыл» партиясының бастамашылығымен басқа да өңірлерде өткізіліп келеді.