07 сәу, 2021 сағат 06:54

Zoom ТМД аумағындағы мемлекеттік мекемелерге өнімдерін сатудан бас тартты

Америкалық Zoom Video Communications компаниясы дистрибьюторларына Ресей мен ТМД елдерінің мемлекеттік мекемелері мен компанияларына онлайн-конференциясы сервисін сатуға тыйым салды. "Коммерсантъ" басылымының жазуынша, Zoom Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетін программалық жабдықтаумен қамтамасыз етуден бас тартқан Microsoft-тің соңынан ілеспекші.

Мақала авторы бұдан бірінші кезекте Zoom қызметін қолданатын мектептер мен жоғары оқу орындары зардап шегетінін жазады.

Ресей мен ТМД аумағында Zoom өнімдерін тарататын "РайтКонф" компаниясы 31 наурызда әріптестеріне Zoom Video Communications Inc. компаниясының өзін өнімдерді мемлекеттік мекемелерге сату құқығынан айыратынын мәлімдеген. 

2020 жылы көптеген тұтынушылар қашықтан жұмыс істеп, оқи бастаған кезде видео-конференция нарығы 2,5 млрд рубльге дейін өсіп, Zoom Ресейдегі видеобайланыс бойынша ең танымал корпоративті сервиске айналған. Екінші орында – TrueConf, үшінші орында Skype тұр. 

"Коммерсантъ" басылымы мемлекеттік сатып алу сайтынан 2020 жылы Zoom өнімін пайдалану бойынша шамамен 40 тендерді анықтаған. Zoom қызметін сатып алғандар арасында Мәскеу инженерлік-физика институты, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті, Алтай мемлекеттік университеті және тағы басқа оқу орындары бар. 

Дегенмен мамандардың есебінше, Zoom компаниясының түсім көлемінде Ресей үлесі 1 пайыздан аспайды. Сарапшылар оған Ресей нарығының күрделігі, мемлекет заңдарын сақтау қиындығы сияқты факторлар әсер етуі мүмкін деп санайды.