09 қаз, 2016 сағат 19:55

Зияткер бала - бүкіл халықтың мақтанышы

«Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген халық даналығы бекер айтылмаса керек. Білімнің негізінде болашаққа деген үкілі үміт пен шынайы сенім, өз халқына деген ізет-құрмет пен ұлтжандылық жатқанын жақсы түсінген Елбасы елімізде зияткерлік мектептердің жүйесін құруды мақсат тұтқан еді. 

 Еліміздің әр аймағында 2009 жылдан бастап ашыла бастаған Назарбаев Зияткерлік мектептері Тәуелсіз Қазақстанның ұрпағы ана тілі мен басқа шет тілдерін жетік білетін, сол арқылы әлемдік ғылымның озық технологияларын жақсы меңгерген, бәсекеге қабілетті жастардан тұру керек деген арманды жақындата түсті. Өскемен қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі «20 Зияткерлік мектеп» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бастамасымен құрылып, 2010 жылдың 13 қыркүйегінен жұмыс істейді. 


Бағы жанған ауыл оқушысы

Сонау шалғайдағы Абай ауданы Көкбай ауылының ағылшынша бір ауыз сөз білмейтін бір қара домалақ баласы бірнеше жыл өткенде қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген, математиканың жілігін шағып, майын ішкен, ақпараттық технологиялар мен 3D-графиканы жетік меңгерген оқушыға айналды дегенге кім сенер?! Өскемен қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің биылғы түлегі, бүгінде Назарбаев университетінің студенті Ибрагим Советбековтің мектеп қабырғасындағы портфолиосының өзі дипломдарға, мақтау қағаздары мен сертификаттарға толы болатын. Будапешт қаласында (Венгрия) өткен «Шексіз математика» және «Ұлы математиктер жолымен» халықаралық олимпиадалардың, Мәскеу қаласында өткен «Ақпараттық технологиялар» X халықаралық олимпиадасының жүлдегері. Басқа да республикалық марапаттары толып жатыр.
- Негізі мақсаттарымыздың бірі - кішкентай ауылдарда жүрген талантты балаларды тауып, оларды осы мектепке түсуге дайындау. Ибрагимнің мысалы ғана шалғайда дарынды балғындардың бар екенін көрсетпей ме?! Біздің білім ошағының түлектері -Қазақстанның интеллектуалды қоры, - дейді мектеп директоры Кульфарида Раисова. – Зияткер бала тек ата-анасының ғана емес, бүкіл халықтың мақтанышы. Сол алған білімінің арқасында озық технологиялардың кілтін тапса, соны керегімізге жаратса, оқушының елі мен жеріне деген махаббаты, Елбасының артқан үмітіне деген жауабы осы емес пе?! Біз жастардың бойына патриоттықты қызыл сөз, жалаң ұранмен емес, нақты іс-әрекеттермен сіңіруге тырысамыз. Ең алдымен баланың бойына рухани құндылықтарды дарытамыз. Ұлтжанды тұлға ретінде қалыптасуы үшін жұмыс істейміз. Осы мақсатта үлкен 12 жобамыз бар. Олардың бір-бірінен жігін ажыратпай қалай жүзеге асырамыз? Бір ғана мысал келтірейік.

Мектепте денсаулықты сақтау апталығы өтіп жатыр. Бір қарағанда, дене тәрбиесі мұғалімдері ғана бітіретін шаруа сияқты. Алайда осы шараға биология, физика мен химия пәндерінің мұғалімдері үйіріліпті. Өйткені бала адам ағзасында жүретін барлық процестерді биологиясыз түсінбейді. Оқушы үшінші қабатқа көтеріліп-түскенде ағзасында болатын өзгерістерді, жүректің дүрсілін, өкпесіне қанша ауа сыятынын физикасыз ұға алмайды. Тағамдардың ағзаға қаншалықты пайдалы-зияндысын химиясыз әсте ұғыну мүмкін емес. Бұл тақырыпты тіл дебатына арқау ете отырып, оқушылардың сөз шешендігін ұштауға, қарсы уәж айта алатындай, өз пікірін дәлелдей алатындай қасиеттерге баулуға болады екен. Тапсырма бойынша балалар қандай өсімдіктер пайдалы, Қазақстанда қанша өсімдік бар, олардың ішінде қандай дәрумендер кездеседі, тамақтың түрлері, жасанды тамақ, фастфуд өнімдері деген сияқты сұрақтардың жауабын іздеп, осы жерде ақпарат көзін тауып үйренеді. Яғни кезекте - коммуникациялар. Информатика мұғалімі ақпаратты қандай сайттардан алуға болатынына жол сілтейді. Оны тапқан оқушылар өңдеп, мәтінін жазып, монтаждап, әлеуметтік желілерге қойып машықтанады. Ал өнер сабағында микроскоппен қарағанда көргендерінің суретін салып не ермексаздан жасап, қол өнеріне арқау етуге тиіс. Осылайша бір аптада он екі жоба айналымға түсіп, оқушы бір ғана тақырыпты әр қырынан жан-жақты, күнделікті өмірмен байланыстыра отырып, барынша терең түсініп шығады. 

Мектеп директоры облыс орталығынан тыс елді мекендердің балаларына осы элиталы оқу мекемесінде білім алуға мүмкіндік туғызу үшін қазір 120 орындық интернат ғимараты салынып жатқанын жеткізді. Ол келесі оқу жылында пайдалануға берілуі тиіс.



Қоңыраусыз сабақ

Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқу бағдарламасы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының стратегиялық серіктесі – Кембридж университетінің Халықаралық Емтихан кеңесімен бірлесіп әзірленген кіріктендірілген білім беру бағдарламасы. Төменгі сыныптан бастап оқытылатын негізгі пәндер спираль жүйесімен, жоғарылаған сайын күрделене түседі.

- Басты мақсатымыз – оқушыға барлық пәндер туралы қарапайым ұғымнан бастап, мектеп бітіргенде кешенді білім беріп шығару. Бір пәннің барлық тараулары жас ерекшеліктеріне сәйкес бір мезгілде басталып, жоғары сыныптарда қиындай береді. Білім мазмұны жылдан-жылға қайталанып, толығып, жүйелі түрде берілгендіктен, оқушының оны қабылдауы да сапалы болады, - деп түсіндірді директордың профильді-экспериментті жұмыстар жөніндегі орынбасары Альмира Қалиева.

Бұл білім ошағында оқу бағдарламасына сәйкес бағалау жүйесі де өзгеше, критерийалік бағалау жүйесі деп аталады. Баланың білімі нақты белгіленген критерийге қарай бағаланады. Алдымен әрбір тақырып бойынша оқушы қандай мақсаттарға жету керектігі айқындалады. Қалыптастыру бағасы осы қойылған мақсаттардың орындалған-орындалмағанына қарай қойылады. Бірінші жолы мақсатына қолы жетпеген балаға екінші мүмкіндік беріледі. Ал жиынтық бағалау тоқсанның қорытындысы десе де болады немесе әр тарау біткен соң, жиынтық баға қойылады. Бұл - оқушының сол пән бойынша алған нақты білімінің көрсеткіші. 

Білім ордасындағы тағы бір ерекшелік - сабақтың аяқталғанын білдіретін қоңыраудың соғылмауы. Бұл әдіс балғындардың бойында жинақылықты, өзін-өзі басқаруды қалыптастырады екен. Зияткерлік мектебінің халықаралық серіктесі Англиядағы Вiddenham мектебінің тәжірибесінен алыныпты.

Мектеп директорының сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары Анар Ахметованың айтуынша, зияткерлік мектебінің мұғалімдері жылда серіктестерінің әдіс-тәсілдерімен танысып қайтады. Шетелдік әріптестерінен оқу жоспарын, құжаттамаларды қалай жүргізетінін үйреніп, көкейге қонатын тәжірибелерін өзімізге енгізіп жүрген көрінеді. Мысалы, әр сыныптың жеке саралауға арналған карталары бар. Онда оқушылардың жеке даралық, психологиялық, медициналық ерекшеліктері көрсетіледі. Сол картада жазылған ерекшеліктеріне қарай мектеп ұстаздары әр сабақты тиімді етіп ұйымдастыра алады. 

- Былтырдан бері халықаралық мектеп статусын алу үшін аккредитациядан өтуге дайындық үстіндеміз, - дейді Анар Ахметова. - Бізге өзімізді бағалауға екі жыл уақыт берілді. Келесі жылы сәуір айында әр мемлекеттің халықаралық мектептерінен он бір адам жиналып, біздің өзімізді бағалауымызбен танысады. Жалпы халықаралық мектептердің қауымдастығының қоятын басты талаптары - ең алдымен оқушылардың қауіпсіздігі мен қолайлы ортаның қалыптастырылуы. Одан кейін интернационализм мәселесіне де үлкен мән беріледі. Бұл жерде оқушыларды планетаның глобальды азаматтары ретінде, толеранттылыққа тәрбиелеуге назар аударады. Үштілділік те соның бір көрінісі. Балалардың арасында төртінші тіл ретінде француз, испан тілдерін үйреніп жүргендер де жоқ емес.

Назарбаев зияткерлік мектебінде қазіргі таңда 11 шетелдік мұғалім дәріс береді. Білім шаңырағының ұстанған саясатына сай, олардың саны жылдан-жылға кеміп, оларды солардың деңгейіне дейін жеткен өзіміздің мұғалімдер алмастыруы тиіс. Сол себепті отандық ұстаздар шетелде кәсібилікті дамыту курстарына қатысып, біліктіліктерін үнемі ұштап жүр. Ағылшын тілін жеделдете оқу сабақтарына жазылған. Сондай-ақ барлығы 224 оқушы мектептің қаржылық қолдауымен шетелде әртүрлі семинарлар мен конференцияларға, олимпиадаларға қатысып қайтыпты.


Зияткерліктер салған субұрқақ Бөбектер үйіне сән беріп тұр

Шығыстың ғұламасы Әбу Насыр әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген болатын. Осы орайда білім ордасында тәрбие мен оқу бөлінбей, бірлестіре қарастырылатыны қуантады. Жасөспірімдердің бойына сыйластық, бауырмалдық, қайырымдылық, жауапкершілік, адалдық, өмір бойы оқу сияқты құндылықтар күнделікті тұрмыстарымен байланыстырыла сіңіріледі. Ол үшін шаңырақ қауымдастығы құрылыпты. Бір шаңырақтың астына қазақ және орыс тілді, әр жастағы балалар топтастырылған. Бұл олардың тілді меңгерулеріне септігін тигізеді, ересектерді кішкентайларға қамқор болуға, ал төменгі сынып оқушыларын жасы үлкендерді сыйлауға үйретеді. Баланың бойында зияткерлік, көшбасшылық қасиеттердің ашылуына ықпалы тимек. Шаңырақтардың атаулары да ерекше, мемлекетімізге еңбегі сінген тұлғалар мен ғұламалардың аты, табиғаты көркем тарихи жерлердің атаулары беріледі. «Абай», «Оралхан Бөкей», «Қасым Қайсенов», «Алтай» деп кете береді. Бұл да жас өркенді өз елін-жерін танып, білуге жетелейтіні сөзсіз.

Қолға алынған «Wikipedia» клубы, «TEDx NIS» клубы, «Қазақ әндері», «Қоғамға қызмет ету» жобалары балалардың қызығушылығын күн сайын арттыра түсуде. Зияткер балғындар әсіресе қоғамға қызмет ету бағдарламасында үлкендерге үлгі боларлықтай тамаша істер тындырып тастапты. Жібек маталар қалашығындағы Бөбектер үйі ғимаратының ішіне зияткер оқушылардың өздері жобалап, құрастырған субұрқақ ерекше сән беріп тұр. Ең бастысы, жасөспірімдер мекеме басшысымен өздері жолығып, орын таңдап, сосын мұғалімдердің көмегімен құрастырған. Мұндай шаралар - бір реттік акция емес, жүйелі түрде ұйымдастырылатын жұмыс. Мүмкіндігі шектеулі құрбыларымен, қарттар үйіндегі қариялармен үнемі кездесіп, олармен бірге концерттік бағдарламалар қояды, қазақ әндерін жаттап, әуелетеді. Оқушылар тіпті өздерінің ғылыми жобаларын да осы әлеуметтік тақырыпқа сәйкестендіріп алады екен. Аутист балғындарды да ұмытпай, олармен тығыз байланыс орнатқан.

- Ата-анасының жұмыс орнына бір күндік экскурсия, «Екі апта ауылда» деген әлеуметтік жобаларымыз бар. Бірінші жоба бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға, баланың ата-анасын маман ретінде білуіне көмектеседі. Көптеген жеткіншектер өз әке-шешелерін маман ретінде тани бермейді. Ата-анасының қызметте абыройлы, беделді екенін көрген баланың оларға деген құрметі артады, мақтаныш сезімі оянады. Біреудің еңбегін бағалауға үйрететін, мамандық таңдауға септігін беретін маңызды жоба, - деп ойын сабақтады директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлшат Мұхтарханова.

«Екі апта ауылда» жобасының мақсаты - орыс тілді балалардың қазақ тілін тез меңгеруіне жағдай жасау, балғындарды еңбекке, төзімділікке тәрбиелеу. Қырда туыстары жоқтар ата-анасының рұхсатымен туысы бар балалармен барады. Қала баласы бір жағынан, таза ауа жұтып, өзіне таңсық ауыл тірлігімен танысып, қыр баласындай ауылдың шаңын қағып, өрістегі малды көріп, табиғатқа біраз жақындайды. Екінші жағынан, шалғайдағы елді мекендердің тұрмысын өз көзімен көрген жеткіншек қана олардың проблемасын жетік түсінеді. Өткен жылы Марқакөл өңіріне барған зияткерліктер саябақта орындықтар қойып, лас ауылдарда қоқыс жәшіктерін орнатып, ауылды абаттандыруға біршама үлес қосып қайтыпты. Екі аптада қыр адамдарына қазақ әндерін жаттатып, жастармен флешмоб ұйымдастырыпты. «TEDx NIS» клубын ұйымдастырыпты. Бұл жобада балалар таратуға тұратын идеяларын ортаға салады. Сосын соны қорғап шығуға міндетті.

- Кейін зияткер түлектеріміз Үкімет басында қызмет еткенде, сол ауылдардың тағдарына көз қырларын сала жүрер, жетімдер мен ерекше балалардың, қарияларымыздың мұңын айтып, жоғын жоқтар. Көргендері саналарының бір түпкірінде жатталып қалары хақ. Сонда қол ұшын беріп, жағдай жасар, - деп сеніммен айтады Гүлшат Мұхтарханова.

Директордың орынбасары болашақта зияткер оқушылардың қатарынан мүмкіндігі шектеулі балаларды да көретіндеріне үміттенеді. Өйткені олармен тығыз байланыс барысында дарындылардың бар екенін байқапты. Салынып жатқан интернат ғимаратында ерекше жандарға барлық қолайлы жағдайлар қарастырылыпты, жеделсаты бар, пандустар орнатылған.



Білімнің жаңа мазмұны - Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесі

Өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «Бүгінде халықаралық стандарттар негізінде Назарбаев Университеті мен Зияткерлік мектептері табысты жұмыс істеуде. Олардың тәжірибесін бүкіл қазақстандық білім беру жүйесіне таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне тарту қажет»,- деп атап өткен болатын. 

Демек Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтіп жатқан тәжірибелер бір мектептің жүйесі үшін ғана жасалып жатқан жоқ. Жаңа оқу жылынан бастап республиканың 1 сыныптарында білімнің жаңа мазмұны енгізілгені белгілі. Оның негізі – Назарбаев Зияткерлік мектебінің кіріктендірілген бағдарламасы. Елімізде жаңартылған оқу бағдарламаларын әзірлеу және сынақтан өткізуде ауқымды жұмыстар атқарылды. Былтыр бағдарлама республика көлемінде 30 мектепте пилоттық бағдарлама ретінде енгізілген болатын. Назарбаев Зияткерлік мектебі осындай мектептердің бірі - Өскемендегі №39 мектеппен тығыз байланыс орнатқан. 

-108 оқушысы бар, орыс тілінде оқытатын мектепте өзіміздің бағдарламамен оқыту жолдарын үйреттік. Оқытудың озық әдіс-тәсілдері, жоспарды қалай жазу керек, жаңаша бағалау жүйесі сияқты тақырыптарға тренинг, семинарлар, шеберлік сыныптарын ұйымдастырып, тәжірибемізбен бөлістік. Сабақтарына қатысып, кеңес бердік. Өзімізде құрылған шығармашылық топ мүшелері тіл жағынан тілдік дағдыларды қалыптастыруда жаңа әдістерді меңгерту үшін олармен команда құрып, сабақтар жүргізді. Білім ошағының мұғалімдер ұжымы да, ата-аналар да осы бағдарламаға разы. Балалар өз пікірлерін ашық айта алатын болды, топпен, жұппен жұмыс істеп, пікір таластырып үйренді, - деген директордың профильді-экспериментті жұмыстар жөніндегі орынбасары Альмира Қалиева өз жұмыстарына осылайша баға берді.

Биылдан бастап каникул кезінде аудандарға шығып, осындай тәжірибе алмасу жұмыстарын ұйымдастыру жоспарланған көрінеді. Ауылдарда да деңгейлік курстарды бітірген ұстаздар бар, солардың көмегімен білімнің жаңа мазмұнын тереңдете түсініп, басшылыққа алуға жағдай жасалмақ.



«Өркен» білім грантын алуға мүмкіндік бар

Назарбаев Зияткерлік мектебі басқа білім ошақтарының талабы бар дарынды оқушыларын жылда виртуалды мектепке шақырады. Бұл жобаға интернеті бар кез келген баланың қатысуына болады.

- Желілік мұғалім үміткермен сөйлесіп, тапсырма береді. Егер оқушы тиісті пайыз жинаса болғаны, каникулярлық мектепке шақырамыз. Олар біздің білім ордасында бір апта тегін оқиды. Нано, биотехнологиялар зертханаларында жұмыс істеп, робототехника үйірмесіне қатыса алады, шетел әріптестерінен тіл үйренуге мүмкіндік туады. Біз оларды осылайша «Өркен» білім грантын алуға дайындаймыз, - деп түсіндірген директордың ғылыми-әдістемелік жұмыстар бойынша орынбасары Жанат Маратқызы мынадай мәселенің де ұшын шығарды. Орынбасардың сөзіне қарағанда, ауылдағы мектептердің кейбір басшылары үздік оқушыларынан айырылғылары келмегендіктен, осындай жоба туралы тіс жарып айтпайды екен. Барлық білім шаңырақтарына ақпарат жіберілгеніне қарамастан, көптеген ата-аналар бұл жайында мүлде естімегендерін айтып, шағымданатын көрінеді.

- Біздің ойымызша, өңір мектептерінде дарынды бала өте көп. Олардың бағын байламау керек. Елбасы мектебінің есігі талабы таудай әрбір балаға ашық. Негізгі миссиясы да сол. Осы саясатты мектеп басшылары дұрыс түсініп, қолдаса дегім келеді. Кезінде Назарбаев Зияткерлік мектебінің ашылғаны жайлы сіздердің газеттеріңізден оқып, көп балалар келген еді. Осы жолы да назымызды өздеріңіз арқылы жеткізуді жөн көріп отырмыз, - дейді Жанат Сейтахметова.



Елін сүйген жастар осындай болады

Назарбаев Зияткерлік мектебінің биылғы он сегіз түлегі Семей мемлекеттік медициналық университетін таңдапты. Аймағымызға дәрігер мамандарының жетіспейтінін жақсы білетін зияткерліктер өздерінің отансүйгіштіктерін осы бір ғана іс-әрекеттерімен көрсетіп тұрған жоқ па?! Мектеп басшылығы университет ректорынан тамаша азаматтар дайындағандары үшін Алғыс хат алғандарын мақтанышпен айтады. Осы мектепті әр жылдары тәмамдаған жүзден астам түлек бүгінде білімдерін Назарбаев Университетінде жалғастыруда. Сегіз жас Венгрияда, жетеуі Ресейдің, басқалары Қытай мен Оңтүстік Кореяның, Финляндияның, Араб Біріккен Эмираттарының, Америка Құрама Штаттарының жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Олардың барлығы да елін-жерін сүйетін, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына күш-жігерлерін аямайтын нағыз ұлтжанды азамат болып қалыптасқандарына күмән келтірмейміз. 


Айна Ескенқызы, "Дидар" газеті