04 там, 2016 сағат 19:18

Жылумен қамту жүйесі жаңғыртылады

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ пен Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джанет Хэкман Өскемен қаласының жылумен қамту жүйесін жаңғырту жобасы бойынша алдын ала келісімге қол қойды.

Аймақтық даму бағдарламасының жалғасы ретінде алдын ала бекітілген келісім аясында Өскемен қаласының жылумен қамту жүйесін жаңғырту жұмыстарын 5 млрд. теңге көлемінде қаржыландыру қарастырылған. Соның ішінде Еуропалық қайта құру және даму банкінен 3 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр.

Атап айтарлығы, аталмыш жобаны қаржыландыруға сонымен бірге, Үкіметтен бөлінетін гранттық қаржылар мен жергілікті бюджеттің қаржысы да кірістірілген. Несие тек ЕҚДБ тарапынан бөлінген қаржы бойынша ғана қайтарылатын болады. Облыс орталығының жылумен қамту жүйесін жаңғырту барысында жылумен қамту желілерін салу мен толық жөндеу қарастырылады және осы мақсатта қолданылатын арнайы техникалар сатылып алынбақ.

Осы банк арқылы берілетін инвестиция орталық жылу торабын және сорғы станцияларын автоматтандыруға, жеке жылу тораптарында тұйық жүйелерді енгізу арқылы құбырларды қалпына келтіріп, жылуды жоғалтуды азайтуға және энергияны қолдануда тиімділікті арттыруға бағытталады. Бұдан басқа арнайы көлік құралдары паркі және құрал-жабдықтар жаңартылып, жылу өлшеу құралдары орнатылатын болады. 

 

Жылумен қамту жүйесі жаңғыртылады

 



Ауқымды жобаны іске асыру жылу тасымалдаушы жүйелердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жылумен қамту нысандарының жұмысындағы апаттардың алдын алуға және тұтынушыларға үздіксіз қызмет көрсетуге мүмкіндік бермек. 

– Біз алдағы тиімді жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Банкпен бірлесіп істеген бес айдағы жұмыстардың нәтижесінде бүгінге дейін біз құны 28 млрд. теңгеден асатын бірнеше келісімге қол қойдық. Қолға алынған жобалардың бәрі де тиісті бақылауға алынады. Олардың облыстың дамуында алатын маңызы өте үлкен. Осы бағыттағы белсенді де нәтижелі қызметтеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Бұл әріптестік байланыс бұдан ары да жалғасатын болады. Жақын уақыттарда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін жаңа жобалар іске асырылады деген сенімдемін, - деді аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ ЕҚДБ-ның Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джанет Хэкманмен кездесу барысында.

Джанет Хэкман Шығыс Қазақстан облысы банк тарапынан инвестиция құюға қолайлы өңір ретінде қарастырылатынын, облыста ірі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндіктер бар екендігін атап көрсетті.

– Біз Шығыс Қазақстанның әлеуетіне сенеміз және осы жылы жобалар санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Аталған жобалар облыста шағын және орта бизнестің дамуына жол ашып, экономиканың алға басуына серпін береді , - деді Джанет Хекман.


Бұған дейін де үш ірі келісім жасалған


Естеріңізде болса, бұл банк экономиканың әртүрлі салаларына инвестиция салып, коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуды қаржыландырып келеді. Мәселен, былтыр желтоқсан айында облыс әкімдігі мен банк арасында алғашқы рет Өскемен және Семей қалаларының орталық жылу беру және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту бойынша екі маңызды жобаға 11 млрд. теңге бөлу жөнінде келісімге қол қойған болатын. Оның 4,16 млрд. теңгесін осы банк салып отыр. 

Ал ағымдағы жылдың наурыз айында ЕҚДБ және облыс әкімдігі аймақтың екі үлкен қаласындағы көше жарығын заманауи энергиялық тиімді технологияларға ауыстыру туралы құны 7,8 млрд. теңгелік келісімге қол жеткізді. Мұндағы банктің үлесі – 5,7 млрд. теңге. Бұл жобалар «жасыл экономика» бағдарламасына сәйкес энергияны үнемдеуге мүмкіндік береді.

Тараптар арасындағы үшінші келісімге 2016 жылдың 26-мамырында Астана экономикалық форумының аясында қол жеткізіліп, Өскемен қаласының сумен жабдықтау және су тарту жүйесін жаңғырту жобасына келісім жасалған-ды. Жоба құны – 4,4 млрд. теңге болса, осындағы ЕҚДБ үлесі 2,25 млрд. теңгені құраған еді.

Кезекті алдын ала келісімге қол қою рәсімі аяқталған соң, ЕҚДБ-ның Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джанет Хэкман және оның орынбасары Бахтиёр Файзиев және «Шығыс Қазақстан облысы өңірлік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқармасының төрағасы Шәкәрім Бұқтұғұтов өңірдің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап баспасөз конференциясын өткізді. Мәртебелі меймандар алдағы уақытта аймақтағы қаржы салынуы болжанған жобаларға тоқталды. Тілшілерді қызықтырған жоба Бұқтырма су қоймасы арқылы салынатын көпірдің жайы болды. Джанет Хэкман бұған жауап ретінде банктің қаржылық сарапшы мамандары көпір салынатын аумақта танысу жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтып, қаржы салу мәселені соның қорытындысы негізінде белгілі болатындығын жеткізді.

Егер көпір салу жобасы жүзеге асатын болса, өңірдің Күршім ауданы аймағында орналасқан металлургиялық базаны дамытуға жол ашылмақ. 

Сондай-ақ, бұл күні Өскемен қаласындағы М.Горкий көшесі, 21 мекенжайында Еуропалық қайта құру және даму банкінің Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары тұрғындарына қызмет көрсететін жаңа кеңсесі ашылды. Кеңсенің ашылу лентасын салтанатты жағдайда Джанет Хэкман мен Өскемен қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Елена Литвинова қиды. Кеңсе мамандары келушілер сұраған қажетті ақпараттармен бөлісті. 

– Еуропалық қайта құру және даму банкі ірі инвестициялармен қатар, шағын және орта бизнестің дамуын да қолдап келеді әрі банктің басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұл жұмыс Өскемен қаласында 2003 жылдан бері жолға қойылған. Осы уақыт аралығында 221 маңызды жобаны іске асырдық. Тікелей және әріптес банктер арқылы қаржыландырумен айналысып, кәсіпорындарға дамуға қажетті ноу-хау береміз. Сол арқылы оларды бәсекеге қабілетті болуға баулимыз, - деді Джанет Хэкман.

Жаңадан ашылған жергілікті кеңсенің жауапты сарапшысы Елена Абенованың айтуынша, осы уақытқа дейін 207 жергілікті компания жалпы сомасы бір миллион еурадан асатын грант алған. Жоғары сұранысқа ие жобалардың дені ақпараттық технологияларға бағытталған екен. Бір кәсіпкерге берілетін грант сомасы 10 мың еуродан аспайды. Ең бастысы, аз дегенде екі жыл кәсіпкерлік өтілі болуы шарт. 



Дәурен Аллабергенұлы

"Дидар" газеті