16 қаз, 2016 сағат 09:50

Жыландар патшалығы немесе Сығанақтың жерасты жолы

«Жаңақорған тынысының» өлкетану экспедициясы

Қаратаудың құпиясына толық қаныққан ешкім жоқ, сырын ішіне әлі бүгіп жатыр. Бірен-саран болмаса таудың тынысын ептеп танығанымыз кеше ғана. Таңбалы тастарға қызығып, ол туралы талай ой тарқатқан едік. Бүгін тағы бір таңғажайыпқа кезіктік. Жаңақорғаннан жүз шақырымдай жүріп, үңгір іздеп бардық.

Жолбастаушымыздың айтқаны айдай келді, шағын төбенің үстінде доғал пішіндес тесік екен, біз елеусіз үңгірге ентелей түстік.

Хош. Әлқисаны әріден бастасақ. Бәрі де жай әңгімеден басталды. Құқық қорғау саласында қызмет етіп, зейнетке шыққан Мәди Мырзахметов ағамызбен сыр ақтарып отырып, сөздің бір ұшы Қаратауға тірелді.

– Қаныбек, мен Сығанақтың жерасты жолын білемін. – Қайдан, қалай? – Кезінде Еңбекші ауылында учаскелік инспектор кезімде Әбілқасым деген аңшы кісі көрсеткен. Бұл 1985 жылы болатын. Шопандардың сақпан науқаны уақытында мал ұрлығын болдырмау мақсатында қойшы ауылға бардым. Әлгі аңшы ағамызды сол жерден жолықтырдым. Қазақтың басы қосылса өткен-кеткен әңгімеден қозғайтыны бар емес пе, біз осылай отырып, жерасты жолы туралы айтылып қалды. Сөйтті де ол: – Балаларымның ондайға қызығушылығы жоқ, қажет десең саған көрсетейін, – деді. Іздегенге сұраған, мен құп алдым. Шопанның қонысынан екі шақырымдай жердегі үңгірді көріп, қайран қалдым.

Үңгірдің үсті қой таспен жабулы екен, екеулеп аузын аштық. Терең, арыға кіріп көрмедік. Содан кейін тағы бірде барып қайттым. Сол күйі. Зерттеп жүрген ешкім жоқ. Енді өзіңе айттым, мәселе етіп көтерсең дұрыс болар еді, – деді.

Мен бұл жаңалықты естіген бойда редакциядан Нұрлат Байгенже мен Самат Әбдішті ертіп, Шиелі ауданы аумағына шықтық. Еңбекші, Қосүйеңкі ауылынан асып, Тақиятөбеден оңтүстік-шығысқа бұрылдық. Жолай тас ұнтақтау цехын айналып өттік те адыр төбеге қарай беттедік. Айқыш-ұйқыш сүрлеу жол көп, біраздан бері із түспеген. Көнелеу біріне түсіп, көлік безілдей жөнелді. Мәди аға жан-жағына қарайлап, белгілі орынды бағдарлап отыр. Кенет «тоқтат!» дегенде, бәріміз шуласып, төңірекке көз тігіп қарадық. Ештеңе байқалмайды. Көліктен түскен соң барып үңгір көрінді. Шынында тесікті бітеген тас болған, бірақ біреулер шеттетіп қойыпты, аузы ашық жатыр. Дереу үңгірдің тереңдігін есептеуге көштік. Арқанның ұшына шам іліп, төмен жібердік. Шамамен бес метрге жуық. Белі орташа жігіт сиятындай доғал тесік екен. Тас қашалған, адамның ісі. Қолдан жасалғаны анық. Қағазға от қойып, түбіне тастап көрдік. Түтіні жоғары көтерілді. Демек, ауа айналып тұр. Тесіктің аузында бірнеше жылан сыртқы қабығын қалдырған. Ал, үңгірдің ішінде не барын құдай біледі. Үрей де бар, үңгірге кіру керек деген үміт те бар.

– Сонша жер әуре болғанда бос қайтқанымыз болмас, мен кіремін, – деді Нұрлат. – Олай болса, алдымен Самат әруақтарға бағыштап құран оқысын, сосын мен қосыламын, – деді Қаныбек. Еркебұлан арқанды қолға ыңғайлы етіп әр жерден түйіндеп, бір ұшын көліктің тетігіне байлады. Арқан берік, байлам бар, сенімдіміз.

Осыған тәуекел етіп, Нұрлат төмен түсті. Артынан Қаныбек ілесіп еді, тар тесікке сыймай кері қайтты. Біз сырттай бақылап тұрмыз. Оқыс жағдай қыбыр етсе Нұрлатты арқанмен тартып алуға дайынбыз. Бір сөзбен, сақадай сай тұрмыз. Мәди ағаның пайымы дұрыс, мына төбеден тіке салғанда Сығанаққа 15-20 шақырым жер. Жерасты жолының бір басы Сығанақ бетке жүрген. Екінші беті Теріскей, бетпақ жаққа қараған. Демек, жерасты жолының шеті қай жерге барып тірелетіні белгісіз. Ал, біздің тауып тұрған үңгіріміз кірер қақпа емес, ауа алмастырғыш жол (вентилизация) сияқты.

Өйткені, ол кездің адамы бізден анағұрлым ірі, ауызға сию-сыймауы екіталай. Екіншіден, төменде саты немесе көмекші құрал сақталмаған. Үшіншіден, жерасты жолын толық жүріп өтпей мұның сыры нақты ашыла қоймайды. Бұл мәселені алдағы уақыттың еншісіне қалдырдық. Ендігі әңгімені жерасты жағдайын көзімен көрген Нұрлат мәлімдейді.

ЖЕР АСТЫ

Ат шаптырым жерден ат терлетіп келгеннен кейін нар тәуекел етіп, арқанды ұстап төмен қарай түсе бастадым. Үңгірдің қабырғасында әр жерде түлеген жыланның эпидермис қабықтарын көріп бойдағы қорқыныш еселене түсті. Расында, түсі суық жорғалаушы кімнің болмасын үрейін алатыны сөзсіз. Бірақ, жоғары кетуге жігіттік намыс жібермеді. Түйінделген арқанмен бес метрлік үңгірді бойлай төмен сырғып барамын, сырғып барамын. Әйтеуір табанына түстім. Үңгірде ауа қалыпты екен. Төмен түскен қағаздарды шағып, жан-жақты барлап көргеннен кейін бойдағы секем басылды. Қабырға қолдан қашалғандай көрінді. Аяқ астындағы кесектермен үңгірдің қабырғасын қалаған ба? Бәлкім уақыт шіркін, жансыз кесектерге сәжде еткізген болар, бәлкім, жақын маңдағы қиыршық тас өндеушілер тауды жарғанда құлаған шығар. Ол жағы бізге белгісіз...

Үңгірдің шығыс және батыс жағында саңылау байқалды. Тіптен, саңылау деуге келмейді, жер асты жолының есігі дерсіз. Шығыс жағындағысын құлаған кесектер жауып қалғандай, ал, батыс бетіндегісіне толық денелі адам еркін өтеді. Солай қарай сақтана адымдап, аяқ бастым. Бірақ, мені жер астының патшасы – жыландар тоқтатты. Бір жылан есіктің алдында оралып жатса, үшеуі тар өткелдің қабырғасында өрмелеп тұр екен. Көрген бойда бір орында мүсінше қаттым да қалдым.

Бірер сәтте есімді жиып, жоғарыға дауыстап: – Мұнда жыландар көп екен, – дедім. – Е-е, жердің иесі ғой! Бастысы, тиіспесен болды, олардың сенімен шаруасы болмайды, – деген Қаныбектің дауысы сенімді қозғалуға демеу берді. Есікке тағыда жақындай түсіп, ұзыннан-ұзын жатқан дәлізге шамның жарығын түсірдім.

Жоғарыдағылардың жер астындағы жағдайға қызығушылығы артып: – Не бар екен? Жол бар ма? Не көріп тұрсын, – деп үсті-үстіне сұрақтарын жаудыра бастады.

Қанша жерден жүрек жұтқанмен айыр тілін салақтанған мақұлықты көрген жан кері шегінетіні айқын. Мен де кері шегіндім. Алайда назарым ауа алмастырғыш үңгірдің арғы жағындағы дәлізге ауып тұр. Қараңғылықтың шырқын бұзған шағын шамның жарығын көзбен қуалап, зер сала бастадым. Байқағаным – ішкі дәлізге ат жетектеген адам еркін жүре алады. Қабырғасына кесек өрілгендей көрінді. Қалғаны жұмбақ...

Бір кезде жоғарыдан кәсіби фотоапаратты жіберді. Бірақ, тарихи орынды қанша жерден суретке түсіруге талпынғанымен, аппарат іске қосылмады.

– Ендеше, мұнда магниттік өріс бар. Фотоапаратты жоғары жібер, ұялы телефонды жіберейік, – деп дауыстады.

Бірер сәттен кейін заманның озық құрылғысымен үңгірді бейнесюжетке түсірдім. Көп ұзамай жоғарыға өрлеп, далаға шықтым. Төңірекке, Қаратауға көз тастап: «Бойына осыншама көп сырды қалай сыйдырасын?!» деп тамсамдым. Сосын тарихи орынның қақпасын жапқандай, үңгірге арнайы қашалып жасалғандай таспен жауып, кері қайттық.

ПАЙЫМ ПЕРНЕСІ

Жұмбақ жерге тарихи баға беру тарихшылар мен археологтардың еншісіндегі шаруа. Біздікі көзбен көргенді хатқа түсіріп, пайым пернесіне салып, тұжырым жасау.

Осы жерден әңгімені түйіндей салар едік, алайда, мына оқиға біздің пікірді тағы да толықтыра түсті. Сунақата ауылындағы №194 «Сунақата» орта мектебінің мұғалімі Маржан Шоханова бізбен хабарласып, ауылда болған жағдайды баяндады.

– Сіздердің жерасты жолын тапты деген жаңалығын естіген бойда хабарласып тұрмын. Өздеріңіз білесіздер, біз Сығанақ қаласының маңайында тұрғандықтан көп жағдайға кезігіп жүрміз. Көне қала маңындағы ел жерден несібе тереді. Міне, осы тұста, дихандар түсіне алмай жүрген жайттар баршылық. Әсіресе, күрішке жіберген суға байланысты осындай түсініксіз жайлар кездеседі. Өйткені, егінге пайдаланылған су жоғалып кетіп жатады. Қаншама су жіберілсе де, атыздар суға толмайды екен. Неге? Не себепті? Оны қарапайым еңбек адамдары түсіне қоймайды. Тақтайдай тегіс алқапта су қайда жоғалады? Ескіден естуімізше, Сығанақта жерасты жолы болған деседі. Жаңағы жіберілген су сол тесіктерге сіңіп жоғалатын көрінеді. Егіншілер қанша су жіберсе да, танап бәрібір тола қоймайды. Су сіңген тесіктерге тас тастаса, тоқтамай кете беретін көрінеді. Жерасты жолы туралы түрлі мәліметтер де айтылады.Бұл сіздердің пікірлеріңізбен сабақтасып тұр, – деді ол.

Дерек көздеріне сүйенсек, ірі қалалардың құрылыстық жағдайында жерасты жолы қарастырылған. Мысалы, Түркістан мен Сауранды байланыстырған жер асты жолы болған. Осы жердің астындағы жолдарда ауа алмастырғыш үңгірлер мен дыбысты бойына сіңіретін бөлмелер болды-мыс дейді. Ал, мұндай арнайы құрылғылардың арасы белгілі қашықтықта қайталанып отырған. Міне, егіншілердің мол суы сондай ауа алмастырғыштардың біріне құйылып, жоқ болуы ләзім.

ТҮЙІН.

Көзбен көріп, көңілмен түйген әсерден бе, түнгі ұйқыны үңгірдегі жыландар жиі бұзатын болды. Бәлкім, бауырымен жорғалаушылар құпия-сырын ашқанға ызалы шығар, бәлкім, жыландар патшалығына шақырып, терең сырына үңілуге шақырып жүрген болар. Не болса да, «Жаңақорған тынысы» газетінің шығармашылық ұжымы ұйымдастырған өлкетану экспедициясы Сығанақ қаласын, оның жерасты жолын зерттеудің жаңа парағын ашты. Ал, оны мәнді әрі мазмұнды толтыру арнайы мамандардың еншісіндегі іс.

Айта кететіні, осы жайдан хабары бар көнекөз оқырмандар редакцияға хабарласып, құнды ақпаратпен бөлісуге болады.

Қаныбек ӘБДУОВ, Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.

Ұлт порталы