13 жел, 2018 сағат 09:15

Жыл соңына дейін Алматы облысын газдандыру 30%-дан асады


Халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету - әлеуметтік маңызы зор мәселе. Бұл жайында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа жолдауларында жиі айтып келеді. Әсіресе наурыз айындағы бес бастама үндеуінде елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру жайын баса айтты.

Күні кеше Астана қаласындағы "Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған" атты жалпыұлттық телекөпір кезінде Мемлекет басшысы "Сарыарқа" газ құбырының құрылысын бастауға пәрмен берді. Бұл жоба аяқталғанда ел орталығы мен солтүстік өңірлердегі 171 елді мекенге көгілдір отын жетеді. Қазіргі таңда еліміздің өзге аймақтарында да газдандыру деңгейі жаңа белеске көтеріліп, жанданып келеді. Атап айтар болсақ, бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңірдегі газдандыру деңгейі жыл соңына дейін 30 %-дан асатынын тілге тиек етті.

Алматы облысы бойынша газдандыру Талдықорған қаласында қалаішілік жүйелерді жүргізудің құрылысы жалғасуда екен. Текелі қаласына дейінгі газ құбыры іске қосылған. Бақанас, Үштөбе мен Сарыөзекте жеткізгіш газ құбырлары бар 3 АГБС-тың құрылысы басталған. Жалпы облыста газдандыру жұмысы 14 ауданда жүріп жатыр. Ал таратушы газ жүйесінің құрылысы жеке инвестиция есебінен жүргізілуде екен.

Өңірді газдандыру жұмыстарына биыл бюджеттен 9,6 миллиард теңге бөлінген. Ал 36 миллиард теңге жеке инвестиция бойынша тартылған. Яғни бюджет қаржысының 1 теңгесіне жеке қаражаттың 3 теңгесі сәйкес келеді. Жоспар бойынша жыл соңына дейін Алматы облысында көгілдір отын жеткен елдімекендердің саны 142-ге жетеді. Мұны бағамдап қарар болсақ 30%-дан асады.

Аймақтар мен өңірлерді газбен қамтамасыз ету алдымен халық игілігі үшін, екіншіден экологияға да пайдасы зор. Елбасы бес бастамасында: "Экология жақсарады. Газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады" - деген болатын. Бұл дегеніміз - экологияны жақсартудың бір жолы да.

Қазақстан газ өндіру көлемін 8 миллиард текше метрден бастап, тәуелсіздік жылдарында бұл көрсеткішті 52 миллиард тек­ше метрге дейін арттырды. Қазір ел тұр­­ғындарының газбен қамтылу деңгейі 47,38%-ды құрайды. Бұл дегеніміз 8,5 миллион тұрғын газбен қамтылған. Ағымдағы жылы мемлекет тарапынан газдандыруға 18,4 миллиард теңге, ал ұлттық оператор тарапынан 1,5 миллиард теңге қарастырылған.