ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2019 жылғы қаңтар-қыркүйектегі республикалық бюджеттің орындалуы және еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ЖІӨ өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3% құрады. Құрылыста – 13,5%, саудада – 7,6%, көлік саласында – 5,5%, өңдеу өнеркәсібінде, соның ішінде машина жасауда – 18,2%, жеңіл өнеркәсіпте – 19%, металл кендерін өндіруде – 16,1%, мұнай өңдеуде – 7,2%, байланыс қызметінде – 4% оң өсім байқалады.
Ұлттық қордың активтері 2,4%-ға $59,4 млрд дейін ұлғайды, республикалық бюджет кірістері – 7677,6 млрд тг (жоспардың 100,8%), өсім қарқыны 112,6% құрады. Халықтың жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 2019 жылғы қаңтар-шілдеде 686 мың теңгені құрады және 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда атаулы мәнінде 10%-ға, нақты мәнінде 4,7%-ға өсті.
Сонымен қатар, бірқатар бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінде бюджет қаражаттарын игерусіз қалдыру жағдайлары байқалады, ең көп сома экология министрлігінде – 1,5 млрд теңге, мәдениет және спорт министрлігінде – 1 млрд теңге, сауда министрлігінде – 0,9 млрд теңге, Алматы әкімдігінде – 2,2 млрд теңге, Алматы облысы әкімдігінде – 1,1 млрд теңге, Түркістан облысы әкімдігінде – 1 млрд теңге, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары әкімдіктерінде – 0,8 млрд теңгеден, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде – 0,7 млрд теңге, Ақмола облысы әкімдігінде – 0,6 млрд тг.
9 айда СТ-KZ бойынша жергілікті қамтудың ең жоғары көрсеткіштеріне Қызылорда облысында жеңіл өнеркәсіп саласында (46%), Павлодар облысында жиһаз (59%), азық-түлік және құрылыс салаларында (54%) қол жеткізілді.
«9 айдың қорытындысы бойынша экономика өсімінің негізгі базалық көрсеткіштері бойынша Атырау, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Павлодар облыстары әкімдіктерінің оң жұмысын атап өткім келеді. Бұл артта қалушы өңірлер үшін жақсы үлгі. Өз кезегінде, кейбір әкімдіктерде бірқатар көрсеткіштер бойынша төмендеу байқалады», — деп А. Мамин, өңір басшыларына аталған жағдайды қысқа мерзім ішінде түзеуді тапсырды.
Үкімет басшысы әкімдердің жергілікті қамту бойынша бекітілген индикаторларды орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауы қажет екенін, сондай-ақ, заңнама, индустриялық сертификат және СT-KZ сертификаты талаптарының орындалуын қамтамасыз ету қажет екенін айтты.
Премьер-Министр Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарының әкімдіктерінің сатып алудағы қазақстандық қамту үлесін арттыру жұмысындағы жақсы көрсеткіштерін атап өтті. Үкімет басшысы «Атамекен» ҰКП пен Қаржы министрлігіне әкімдіктермен мемлекеттік сатып алуды жүргізу бойынша дұрыс жұмыс атқару тұрғысынан қосымша семинарлар өткізуді тапсырды.
«Осы жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша өңірлер басшыларының жұмысы бағаланатынын тағы да атап өтемін», — деп түйіндеді А. Мамин.
ҚР ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Е. Досаев, Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов экономиканың, банк саласының жағдайы, республикалық бюджеттің орындалуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту мәселелері туралы баяндады, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ. Есқалиев, Қызылорда облысының әкімі Қ. Ысқақов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов өңірлердегі жағдай туралы баяндады.