Кейінгі 15 жылда Жаңаөзенде мұнай өндіру 30 пайызға кеміп, жұмысшылар саны 50 пайызға көбейген. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Халық саны көбейген сайын тұрақты жұмыс орындары ашылуы керек. Бірақ Маңғыстау облысында осы мәселе ескерілмеген. Мұнда жөнсіз жүргізілген көші-қон саясатының салдарынан күрделі ахуал қалыптасып отыр. Тұрғындардың саны көбейгенімен, әлеуметтік инфрақұрылым салынған жоқ. Жұмыс орындары ашылмады. Тұрмыс сапасы төмендеп кетті. Жұрт «ҚазМұнайГаз» компаниясына жұмысқа тұрғызуды, жоғары жалақы беруді талап етуде. Ашығын айтқанда, Жаңаөзендегі кен орындарының көпшілігі сарқылып барады. Бұл жағдай баршаға мәлім. Соңғы 15 жылда осы өңірде мұнай өндіру ісі 30 пайызға азайған. Соған қарамастан, жұмысшылар саны 50 пайызға көбейді" - деді Мемлекет басшысы.
Президент дерегінше, еңбекақы төлеу қоры 10 есе артқан.
"Көп жалақы төленетін үш өңірдің бірі – осы Маңғыстау өлкесі. Нақты айтсақ, Жаңаөзен орташа еңбекақының ең жоғары деңгейі бойынша көш бастап тұр. Үкімет Жаңаөзенді дамыту үшін арнайы жоспар қабылдады. Республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөліп, салықты азайтып отыр. Осындай тікелей қолдау шаралары еліміздің басқа облыстарының есебінен жасалуда. Жұрттың бәріне мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беру мүмкін емес. Мұны ашық айтуымыз керек" - деді Тоқаев.