Аннексияланған Севастопольде әскери-теңіз флотының жетекшісі адмирал Николай Евменов және Қара теңіз флотының басшылығы бірнеше күн бұрын суға батып кеткен "Москва" ракеталық крейсерінің экипаж өкілдерімен кездесті. Кездесу видеосы Ресей қорғаныс министрлігінің телеграм арнасында және "Звезда" телеарнасының сайтында жарияланды, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Евменов жиналғандарға крейсер дәстүрі сақталып, жалғасатынын айтты. Оның айтуынша, офицерлер құрамы, жалдамалылар мен мичмандар флотта қызметін жалғастыра береді. Әскери борышын өтеп жүргендер заңға сәйкес, міндеттен босатылып, тіркеуге тұруға жіберіледі.
Видеожазбада экипажда қанша адамның болғаны туралы дерек айтылмайды. Әдетте жеке құрамды тарату кезінде командир экипаж құрамын жариялап, жараланғандар мен қаза болғандар туралы айтуы тиіс. Бірақ "Новая газета. Европа" сайты видеожазбадағы алғашқы кадрларда дыбыс жоқ екеніне назар аударған. Басылымның жазуынша, алғашқы кадрлардан "Москва" командирі Антон Купринді көруге болады. Осыған дейін Украина шекара қызметі оның қаза болғанын хабарлаған.
Ресей қорғаныс министрлігі крейсер экипажы тұтас эвакуацияланғанын хабарлаған. Бірақ Азаттықтың Орыс қызметі мичман Иван Вахрушевтің қаза болғанын анықтады. Журналистер оның әйелі Варвара Вахрушеваның "Одноклассники" желісіндегі аккаунтын анықтады. Онда әйел күйеуінің қаза болғанын хабарлап, теңізші формасын киген ер адамның суретін жариялады.
"Вконтакте" желісінде журналистердің сұрақтарына жауап берген Вахрушева күйеуі "Москва" крейсерінің батуы нәтижесінде қаза болғанын айтты. Ол жұбайының қаза болғанын 14 сәуірде басшылықтан естіген. Күйеуінің денесі табылған, бірақ оның қалай қаза болғаны жайлы мәлімет туыстарына айтылмаған. Әйелдің айтуынша, "Москва" экипажының тағы 27 мүшесі із-түзсіз жоғалған. Бірақ бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталмады.
"Москва" кемесіне зымыранмен соққы жасағанын Украина тарабы 13 сәуірде мәлімдеген. 14 сәуірге қараған түні Ресей қорғаныс министрлігі кемеде өрт болғанын растады.
14 сәуірде күндіз Пентогон да, Ресей де крейсердің теңіз бетінде екенін хабарлаған. Бірақ бірнеше сағаттан соң Ресей қорғаныс министрлігі "кеме теңіздегі дауылдан тепе-теңдік сақтай алмай, батып кетті" деп мәлімдеді. Мәскеу өрттін неден шыққанын айтпады.
Пентагондағы дереккөз кемеге украиналық екі "Нептун" зымыраны түскеннен кейін суға батып кеткенін айтқан. Вашингтондағылар зымыран соққысы мен кеме батқаннан кейін адам шығыны болғанына сенімді, бірақ қанша теңізші батып кеткенін айта алмады.
Айта кетейік, 15 сәуірге қараған түні Ресей "Нептун" ракеталарын шығаратын Киевтегі "Визар" зауытына зымыранмен соққы жасаған.