Фото: instagram/01pk
Бүгін ҚР Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Biz Birgemiz қорының басшысы Перизат Қайратқа қатысты іс туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ULT.KZ.
Премьер-министрдің орынбасарынан тілшілер Biz Birgemiz қорының 10 адамнан тұратын құрылтайшылары болғанын және олардың көбі Amanat партиясының мүшелері екенін айтып, бұл жағдай партияның және қайырымдылық институтының беделіне әсер етпей ме екенін сұрады. Өзі де Amanat партиясының мүшесі болып табылатын Серік Жұманғарин былай деді:
"Мен бұл жаңалық туралы аса қатты ойланбадым. Өкінішке қарай бұған таңқалмадым. Соңғы күндері болған қарбаластан бұл жаңалық назарымнан тыс қалды," – деді Жұманғарин журналистердің сауалына.
Бұған дейін еріктілер қозғалысының белсендісі және Biz Birgemiz қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат ұсталып, оған қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Ол қайырымдылыққа жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырды деп күдікке ілініп отыр.
Кейін Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайратқа қатысты тағы бір деректі жариялады.
«2023 жылдың қараша айында Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинауды ұйымдастырды.
2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат «Sensata Plaza» элиталық кешенінен 49 млн теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 млн теңгеге «Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic» жаңа автокөлігін сатып алды.
Сонымен қатар, қаражаттың бір бөлігі БАӘ-де «Rolex», «Prada» және «Fendi» брендтік бутиктерінен зергерлік бұйымдарды, сағаттар мен киімдерді сатып алуға жұмсалды», — делінген агенттік хабарламасында.
Бұл эпизод бойынша Перизат Қайрат 200 млн теңгеден аса қаражатты жымқырды деп күдіктелуде.