09 жел, 2016 сағат 08:19

Жұмабай Құлиев. Құба даланың бұла перзенті

немесе
Иманғали Тасмағамбетовтің қайраткерлік кескіндемесі

Иә, уақыт ағзамның желмаясы cap желісінен әлі танар емес. Соңында қалдырған белгісі мен бедерін бажайлап болғанынша қыр асып жоғалады. Биыл тәуелсіздік алғанымызға он төрт жыл толады. Осы санаулы аз ғана жылда санап тауыса алмайтын қаншама ірі қадамдар жасалды. Мұны жоққа шығару көрер көзге әділетсіздік болар еді. Біз осы жылдарда өзіміздің намысы биік, қанағаты мол қазақ деген ұлт екенімізді төрткүл дүниеге дәлелдедік. Сонымен қатар жұрдай болып тоналған тарихи жәдігерліктерімізді, кім көрінген қымқырып кеткен асылдарымызды іздеумен айналыстық. Бірақ қолдан бір шығып кеткен нәрсе оңайлықпен қайта қоя ма?

Алайда өзіміздің қара қобдиымызда қалған, теңдерімізде сақталған жақұттарымызды әлемдік жәрмеңкеге шығарғанымызда менмен Батыс ойлана қарап қалған жоқ па! Дегенмен де сан ғасырлар бойы тұтас құрлықтар мен сансыз елдердің жиған-тергенін зорлықпен үріп-ішіп, шайқап-төккен әккі, жырынды империямен иық түйістіру, Махамбетше айтқанда, «ақырып тұрып теңдік сұрау» мүмкін болмай қалды.

Ұлтымыздың бір ардағы – Қошке Кемеңгерұлы өткен ғасырдың басында: «Осы күнде Күнбатысты тықсырып келе жатқан Күншығыс халықтарынан Қытай мен Жапония Күнбатыстан үлгі-өрнек көп алды. Бірақ Күнбатыстың рухани мәдениетін арам астай көріп, аузына алмайды», – деп көрегендік пікір айтты. Бұл елдер сол әдетінен әлі танған жоқ және соның арқасында ешкімге «тәйт» дегізбеген, мейманасы тасыған бірегей мемлекеттерге айналды.

Саналы ұлттар мен ұлыстар ғаламдастыру атты «ортақ көрпеден» ат-тонын ала қашып, текеметтерін тұйықтап жатқанда, біз есік-тереземізді ашып тастап, осы тажалға бейімделгеніміз қалай?

Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдында мақтана алар несі бар? Рас, жерімізден бір емес, үш алтын адамды қазып алдық. Хандар пантеоны – Сарайшық, Қожа Ахмет кесенесі т.б. жауһарларымыз жетерлік. Бірақ Батыстан ағылған топан «жарқылдақтар» осының бәрін жапырып кетпей ме?

Жұтылып кету дегеннен шығады, Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шредер мырза 1998 жылы өзі билікке келмей тұрып, ғаламдануды зерттеген әйгілі неміс ғалымы Ж.Хабермас мырзамен өткізген сөз сайысында бүкіл Германия халқының алдында: «Ғаламдануға неміс халқы еш уақытта да жұтылып кетпейді, өйткені неміс халқында қуатты тіл мен жұтылмайтын мәдениет бар», – деген болатын. Әрине, неміс халқы туралы сөз басқа, бұл жерде бар мәселе өз ұлтымыз туралы болып отыр ғой.

Күні бұрын байбалам салуға да ерте шығар. 1994 жылы Рупитеге өзін іздеп барып, аты-жөні, ұлтын, айналысатын ісін айтпаған бір қазақ кәсіпкеріне көріпкел Ванганың айтқан жорамалы мынадай: «Құлағыма мың сан жүйріктің дүбірі келеді, тарихы тереңде, бірақ шындығы енді шыға бастаған Қазақ дейтін ел бар. Тағы дыбыс жер астының гүрілі, мол байлықтың үстінде отырсыңдар-ау шамасы. Бірақ осы халықтың ен байлықтан қағажу қалғаны түбі жақсылыққа апармайды. Сонау бір ғасырдағыдай үшінші мыңжылдықта Еуропа сендермен қайта санасатын болады. Тау жағына сақ болыңдар, өздеріңмен түбі бір елмен тәуір болсаңдар, ұтасыңдар...»

Әрине, ұлы көріпкелдің бұл айтқандарында жан бар шығар, дегенмен жайбарақат отыруға және болмас.

Иә, қаншама суыртпақтап айтқанымызбен де, төс айылды бостау, шап айылды аямай тартатын, құс ұйқылы болуды талап ететін, санаға салмақ түсіретін зымиян кезең іргемізге тақап келді. «Өсіп-өнген ел едік, өзімізге-өзіміз хан едік» деген заман келмеске кетті. Бірақ пәнидегі қу тірліктің қуса жеткізбейтін қызыл түлкісін тазы боп шаламыз деп жүрген, бар ниеті соған ауып кеткен, ел сенген біраз оғыландардың мұны ойлайтын түрлері көрінбейді.

Иә, осы бір жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан кім бар өзі?! Кеңестік жылымықта бой көтерген аға буынды айтпай-ақ қояйық, ұлт қызметіне еңсере еңбек етіп жүрген қазіргі биліктегі жас баһадүрлердің ішінен кімдерді бөле-жара атауға болады? Аттары санада самсап тұрғанымен, қапелімде ұлты үшін еткен аяулы бір ісі есіңе түспей қиналасың. Олардың көпшілігі өз мамандығының шебері немесе саясатқа келгенде аққаптал болғанымен, ұлт мәселесі дегенде бірі азусыз, жалтақ, бірі ана тілін шала білетін, туған тарихынан бейхабар дүмбілез, бірі өз шаруасы дегенде қара жерге кеме жүргізген жұлымыр, былайғы жұртқа көлеңкеде қалған қардай салқындау, бірі бұқарамен тігісін жатқызып тілдесуде көптің мұңына мұңайып, қуанышына ортақ болуда ақсап жатады. Сонда халықтың көңілінен шыққан көптің мейірін қандыра білетін кім бар? Осындай сауалға жауап іздесек – Иманғали Тасмағамбетов еске түседі. Қаншама бас айналдырар мансаптың ұшар басында жүрсе де, оның туған халқының мәдениетіне, тіліне, діліне, жоқ-жітігіне үнемі қарайласып, қолқабыс берумен дараланатыны күмәнсіз.

Иә, тырнақ айналасын кеулеген күбірткідей, бір жағымыздан қусырып ғаламдастыру дейтін тажал келе жатқан мезгілде, үміт пен күдік қатар жайлаған беймағлұм кезеңде ұлт қамқорында қайдан маза бола қойсын? Осы беймазалықты алдын ала сезіп, ел қауіпсіздігі мен болашағын ойлаған Иманғалидың сонау Италияда жатқан Олжас Сүлейменовпен хат арқылы пікірлесуі де тегін болмаса керек.

Олжас Сүлейменов: «Көшпелілер Орхон-Енисей жазбаларынан басқа ештеңе дүниеге әкелмесе де, әлемдік мәдениетке қомақты үлес қосқан халықтар арасынан ойып орын сұрауға хақылы. Олар бізге керемет храмдар мұраға қалдырған жоқ, олар оқ-дәрі (порох) де, қағаз да ойлап тапқан жоқ. Бірақ тасқа мәңгілікке қашалған немесе халық зердесіне бағзыдан сақталған әдеби ой солардан кем маңызды мәдениет элементтері деп кім айта алады?» – деп талай биік мінберлерден әлем жұртшылығының құлағына сіңірумен келеді. Алайда бізде шашпалық та болмай қалған жоқ. Мысалы, Сағынайдың асына кеткен шығын атақты Тәж-Махал мавзолейіне жұмсалған қаржымен бірдей болған.

Өзіңді-өзің тану тәрізді, тарихты білу де – қазіргі даму процесіне аса қажет әрекет. Ол болмай қоймайтын жоғалтулар мұңын тереңірек сезінуге мүмкіндік береді, сонымен бірге прогреске кең жол ашады.

Осыны жіті байқаған И.Тасмағамбетов өзі тікелей араласып, талай ұрпақтың көз қуанышына айналатын ежелгі дүниенің ғажап жәдігері — Күлтегін ескерткішін туған топыраққа алып келді. «Отырар кітапханасын» дүниеге әкеліп, 100 ақын-жазушының кітабын тегін шығарып берді. Көп жылдарға созылатын, кешенді шара – «Мәдени мұра» бағдарламасына басшылық етті. Қазақтың кәсіби суретшісі Әбілхан Қастеев туралы «Қазақ әдебиеті» газетіне төгілдіріп жазған мақаласының да берері мол. Иманғалидың және бір ерекше қырын Ақселеу Сейдімбеков былайша әңгімелейді: «Біздің республикада коллекционер ретінде ресми түрде Әділет министрлігінен тіркеуден өткен бір-ақ адам бар. Ол – Иманғали Тасмағамбетов. Осыдан бірнеше жыл бұрын ЮНЕСКО-ның бас директоры Федерико Майордың шақыртуымен Францияға барып, өзі жеке жинаған құнды заттардан көрме ұйымдастырды. Оның басым көпшілігі – адай түрікмендердің мүлкі. Менің қолымдағы Құнанбайдың шақшасын сол көрмеге қоюға сұратып алды да, кейіннен өзіме әкеліп берді...».

Биылғы жылғы 19 тамызда XVII Мәскеу халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында болған «Кітап – өнер» атты екінші халықаралық конкурста Иманғали Тасмағамбетовтің «Ат жалындағы өркениет» деген кітабы бас жүлдеге лайық деп табылып, ең жоғары сыйлық – Гран-приге ие болды.

Бір жағынан тыным таптырмас мемлекеттік қызметте жүрген адамға осының өзі де аз шаруа емес-ау!

Атақты сәулетші Сайын Назарбекұлы да оның өрелі істеріне тәнті болып былай дейді: «1999 жылы Атырау облысына әкім болып тағайындалған Иманғали Тасмағамбетов бірден халықтың рухани тірлігінің тамырларына нәр беру шаруасын қолға алды. Оған дәлел облыс әкімі болып тағайындалған алғашқы жеті күн ішінде өзіне оншалықты таныс та емес емханада жатқан атақты домбырашы Рысбай Ғабдиевтің көңілін сұрауға барыпты. Көп кешікпей Ақтаудағы мені шақыртып алып, көптен бері көкейімде жүрген жобамды талқыға салды. Ескерткіштің қазіргі Сарайшық мекеніне салынуын және оған кеткен халық қаражатының далаға емес, халықтың өзіне қызмет етуі қажет екеніне баса назар аударды. Сол кісінің ұсынысымен ескерткіш құрамына бір мешіт, бір мұражай және мүрделері Сарайшыққа жерленген: Алтын Орда хандары – Мөңге Темір, Жәнібек, Ноғай Орда мырзалары – Әмір Оқас, Ших-Мамай, Жүсіп, қазақ ханы – Қасым хан бабаларымызға зираттық сәулет белгісі кіргізілді. Тасмағамбетов мырза жобаны жасау кезінде де, құрылыс жұмыстары барысында да істің жақсы аяқталуына көптеген ықпалын тигізді. Біз осы жағдайларды ой елегінен өткізе отырып, «Хан ордалы Сарайшық» кесенесінің бас сәулетшісі Иманғали Тасмағамбетов деп танимыз...».

Патшайым II Екатерина қиын кездерде Суворовты отқа да, суға да салған ғой. Сол сияқты Елбасы да Иманғалиды биліктің сансыз өткелектерінен өткізді.

Республикалық Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы, Президент кеңесшісі, екі рет министр, Вице-премьер, Премьер-министр, Мемлекеттік хатшы, облыс әкімі, Президент әкімшілігінің жетекшісі... Иә, ол қай қызметте болмасын өзінің алғыр да ақмылтық қайраткер екенін дәлелдеп шықты.

Журналист Н.Жүнісбаевтың «Мұстафа Өзтүрік» кітабында Мұстафаның аузымен айтылатын мынадай жолдар бар: «Еліме тұңғыш келе жатқан сапарым... Мәскеуге біраз аялдап қалдық. Қарсы алып, қошеметтеп жүрген – осы Иманғали, комсомолдың бірінші хатшысы Иманғали Тасмағамбетов. Кейде сағыныш толқыны соққанда оған жетіп барып «Иманғали, тез кетейікші, ағатай» деймін. Ол да тосылмайды: «Мұстафа, біз туған елінде, туған жерінде 35 жылдан бері болмаған адамды Алматыға бірден жеткізе алмаймыз. Осында бірер күн ұстап, қағып-сілкіп, жуып-шайып, жөнге келтіріп бір-ақ апарамыз. Елді шошытасың ғой. Не неміс емессің, не түрік емессің, не қазақ емессің... Еріңді түзеп, тулағыңды қағып дем ал, ертең жөнге келтіріп бір-ақ шығамыз жолға», – дейді.

Жеңілмейді. Сөзбен жарыса алмайсың Иманғалимен. Шешен ғой. Су төгілмейтін жүйрік. Ердің құнын даулауға жіберетін жігіттер ғой олар...».

Міне, бүкіл әлемді тәнті еткен таэквондо тарланы Мұстафа Иманғали туралы осылай тебіренеді. Мұстафа оның тағы бір сан алуан ісін былайша баяндайды: «Шетелде жүрген біздің де қолымыздан келмейтін нәрселер бар. Соның бірі киіз үй еді. Соны Иманғали ойлапты. Азамат жігіт екен. Иманғали жіберген сол киіз үй бүкіл Еуропада жалғыз ғана Стамбулдағы Қазақкентте тігулі тұр. Ол үйді тігуге Еуропадағы қазақпыз дегендер түгелдей келді. Мен сыр тартып білдім. Иманғали былай деп ойлапты: ертең Еуропадағы қазақтар да бір нәрсеге ренжісіп қалуы мүмкін. Сонда олардың бас қосар жері, татуласар үлкен шаңырағы осы киіз үй болуы тиіс деп. Не деген парасат? Не деген ақыл? Бүгінде Қазақкентте қазақ қоғамының мүлкі боп саналатын киіз үй – иісі қазақ туған жерін сағынса жиналып, мауқын басатын орда боп отыр. Бұл бізге Иманғали алтын сарай салып бергенмен парапар емес пe?..»

Марқұм Мұстафаның Иманғали досы туралы бұл жүрекжарды ойлары кім-кімнің болса да көңілін тебірентпей қоймайды.

Міне, азаматқа абырой осылай мысқалдап жинала береді. Оған деген елдің сенімі орнығады. Шынында да, үміт пен күдік қатар жайлаған дүниеде осы сияқты ұлтжанды оғыландардың жүргені әлеуметке үлкен демеу сияқты.

Сөз жоқ, Иманғали – аса қабілетті оқымысты, жыланның жусағанын сезетін сұңғыла саясаткер. Еліміздің және Ақ Сарайдың ішкі, сыртқы ахуалын, қоғамымыздағы құбылыстарды қапысыз білетін әмбебап қайраткер. Алайда биліктің маңында қашанда даңғаза, алашабыр топ қоса жүреді. Бұлар «күн ашықта – мойыныңда, күн жауында қойныңда» болатын әккі жырындылар. Көзің қиып лақтырып та тастай алмайсың. Ал егер алда-жалда қағажу көрсе, дүниені былғайтын да осылар. Міне, осындай алары бар да, берері жоқ, өлермен тобырдан Иманғалидың аулақ жүретіні қуантады.

Тасмағамбетов мырзаның қазақ зиялыларының ордасы — Алматы қаласы әкімі орынтағына жайғасқанына да көп бола қойған жоқ. Алматы Авгейдің атқорасы секілді қоқсыққа батқаны туралы дабылдар құлақ жарған кезде оны тазалау кімнің қолынан келеді. Елбасымыз Н.Назарбаевтың таңдауы Иманғалиға түскені бекер емес. Елбасы қателескен жоқ. Иманғалидың болашағынан үміт күтетінін де білдірді. Сөйтіп, Иманғали бұл шаһардың бәленбай жыл қалғып қалған шенеуніктерін қазанның салқын желіндей сергітті. Тыпырлап әрекет етуге көшті. Баяғы Атыраудағыдай тонна-тонна қоқыс шығарылды. Біраз жарлы-жақыбай баспаналы болып қалды. Шынында да, қазыналы кентіміз азып кеткен екен-ау! Асанқайғы жарықтық сонау заманда Алматыны көргенде: «Үш Алматы деген жерге бардым. Сарымсағы сабаудай, бүлдіргені бүйректей, алмасы бар жүректей. Сол жерді қимадым», – депті. Бұл қалаға кезінде «Я не понимаю людей, которые из Алматы уезжают на курорты» деп Н.Хрущев те тамсанып кеткен. Енді бұл қаланы әлем таңданатын әсем шаһарға айналдыру міндетін Иманғали Нұрғалиұлы жан-тәнімен сезініп,осы аманатты абыроймен орындап шықты.
Иә, ойымызды түйіндеп, шылбырымызды шумақтайтын сәт те келді-ау деймін. Біз бәрібір қанша сайрағанымызбен, Имекең өмір сүрген уақыттың ішінде жүргендіктен шын қайраткер, ұлт қамқорының нақты орнын анықтай алмаймыз. Енді бізге сонау өткен ғасыр басында қырылып қалған, ел бағына туған көксерек топтың тағдырларын ойлап опынғаннан пайда жоқ. Алтын құрсақты айналайын халқымыз арагідік болса да алыптарды тумай тұра алмайды! Ендігі үміт – осыларда!

«Қазақ әдебиеті», 23.12.2005 ж.