"Жалпыұлттық социал-демократиялық" партиясынан (ЖСДП) президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев Орталық сайлау комиссиясына тіркеу үшін құжаттарын тапсырды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"2022 жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 54 және 55-баптарына, сондай-ақ "Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған кезектен тыс сайлауы бойынша сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2022 жылғы 23 қыркүйектегі № 67/545 қаулысына сәйкес Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаевтың "Жалпыұлттық социал-демократиялық партия" Республикалық қоғамдық бірлестігінен Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болып ұсынылғаны туралы құжаттары тапсырылды", - делінген хабарламада.
Sputnik Қазақстан агенттігінің жазуынша, оппозициядан президенттікке үміткер журналистерге сұхбат берді. "Сайлауда қанша пайыз дауыс жинауды жоспарлап отырсыз" деген сұраққа Нұрлан Әуесбаев "оны уақыт көрсетеді" деп жауап берген.
"Тәуір дауыс жинаймыз, халық бізді қолдайды деп ойлаймын. Біз жеңіске жететінімізге сенімдіміз", - дейді ол.
Сондай-ақ, Әуесбаев президенттікке жемқорлықпен және олигархиямен күресу үшін бара жатқанын, саясат пен экономикада әлеуметтік әділеттілікті жақтайтынын айтқан.
Оппозицияның президенттікке кандидатты ұсынғаны 1 қазанда белгілі болды. Сол кезде ЖСДП-ның кезектен тыс съезінде партия мүшелерінің алдағы сайлауға Нұрлан Әуесбаевтың кандидатурасын қолдағаны хабарланды.
Еске сала кетейік, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашаға белгіленген.