10 жел, 2019 сағат 12:20

ЖОО саласындағы рейтинг университеттерге қалай әсер етеді?

ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова ЖОО саласындағы рейтинг университеттерге қалай әсер етенінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атамекен» ҰКП жүргізген рейтингтің нәтижесі министрлік тарапынан қаншалықты пайдаланылады? Ең бастысы, мемлекеттік білім тапсырысын орналастырған кезде пайдаланылады. Бұл жерде талапкерлер оқуға түсер барысында қай ЖОО-да қандай рейтинг қалыптасқанын көре алады. Екіншіден, жоғары оқу орындары түлектерінің жұмысқа орналасу мәселесі де бар. Бүгінде әрбір ЖОО бір жыл ішінде түлектерінің кем дегенде 50 пайызын жұмысқа орналасуын назарда ұстауы қажет. Жүргізілген рейтинг барысында түлектердің жұмысқа тұруы республика бойынша орташа есеппен 74 пайыз құрады. Дегенмен, ЖОО-лардағы білім беру бағдарламасының деңгейі әртүрлі. Осы тұрғыда жоғары оқу орындары жұмыстарын жандандыруы керек», - деп тоқталды комитет басшысы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, министрлік тарапынан рейтинг көрсеткіші тексеріс барысында пайдаланылады.

«Ең бастысы, бүгінде жоғары оқу орындарына тексеріс жүргізілген кезде профилактикалық бақылау ретінде іске асырылады. Егер де ЖОО-да көрсеткіштері төмен болса, яғни жұмысқа орналасу көрсеткішінен бөлек студенттердің үлгерімі, білім деңгейі, білім беру бағдарламаларының сапасы бойынша ескеріледі. Қазіргі кезде тексеру нәтижесі бойынша әрбір оқу орнына хаттама толтырылады. Оның негізінде кемшіліктерді жою үшін ЖОО-ға тиісті уақыт беріледі. Екінші мәрте қарастырылған кезде кемшіліктер жойылмаса, онда материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі немесе тиісті шара қолданылады», - деді Гүлзат Көбенова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы екі жыл қатарынан ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-мен бірлесеп, отандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына тәуелсіз бағалау жүргізіп келеді. Бүгін елордада сол рейтингтің нәтижесі жарияланды.

Белгілі болғандай, отандық ЖОО-дағы білім беру бағдарламаларының 73 пайызы жұмыс берушілердің сұранысына сай келмейді.