01 қыр, 2022 сағат 16:33

Жолдауда қамтылған бағыттар елдегі саяси тұрақтылыққа кепіл болмақ – Қазбек Майгелдинов


Жолдауда қамтылған бағыттар елдегі саяси тұрақтылықты сақтауға кепіл болады. Мұндай пайымды Президент Жолдауына қатысты пікір білдірген «Қазақстандық қоғамдық даму институты» басқарма төрағасы Қазбек Майгелдинов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жолдауда жер телімдерін пайдалану, су ресурстарына байланысты мәселелер мен кәсіпкерлікті дамытуға баса назар аударылды. Мұның нәтижесін қарапайым халық айтарлықтай сезінетін болады. Мәселен, ең төменгі жалақыны 70 мыңға дейін көбейту тапсырылды. Сонымен қатар, әйелдердің зейнетке шығу жасын 2028 жылға дейін 61 жас етіп бекіту ұсынылды. Бұл өз кезегінде кез келген қазақстандыққа тікелей әсер ететін бастама деп айтуға болады», - деп атап өтті «Қазақстандық қоғамдық даму институты» басқарма төрағасы. 

Қазбек Майгелдиновтің пікірінше, Жолдауда айтылған бастамалар мен жүктелген тапсырмалар елдің тұрақты дамуына кепіл болмақ. 

«Жалпы бүгінгі Жолдаудың басты тетігі – Әділетті Қазақстан. Әрбір қамтылған бағыт елдегі саяси тұрақтылықты сақтау үшін жасалып жатыр. Яғни, ішкі тұрақтылыққа кепіл болады деп ойлаймын. Сонымен бірге, атқарушы билік, Үкіметке де сын айтылды. Кез келген бастаманы жүзеге асырушы – ол Үкімет. Осыған сай, алдағы уақытта жергілікті басқарушы органдардың жұмысы оңтайландырылады», - деді Қазбек Майгелдинов.