09 жел, 2020 сағат 14:55

Жолаушылар болмағандықтан «Көкшетау-Алматы» рейсі кейінге қалды

Ақмола облысының «қызыл аймақтан» шығуына байланысты жолаушылар тасымалын жандандыру мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы Ақмола облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Александр Рублевский айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ақмола облысының «қызыл аймақтан» шығуына байланысты санитарлық постар алынып, карантин жеңілдесе, Көкшетау және Степногор бағытындағы автобус қозғалысы қайта жанданады. Бұдан бөлек, Азаматтық авиация комитеті желтоқсанның 8-нен бастап «Көкшетау – Алматы, Көкшетау – Ақтау» бағытындағы әуе рейстерін жандандыруды шешкен болатын. Дегенмен, жолаушылардың болмауынан Алматыға алғашқы рейс кейінге қалдырылды. Ендігі уақытта сұраныс болып жатса ғана жүзеге асырылады», – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Александр Рублевский. 

Айта кетсек, қарашаның 5-інен бастап «Көкшетау – Алматы», «Көкшетау – Ақтау» бағытындағы әуе рейстері, ал айдың соңында облыста қауіпті індеттің таралуына байланысты енгізілген карантинге сәйкес Көкшетау және Степногор бағытындағы автобус қозғалысы тоқтатылған еді.

Ал, жолаушылар пойызының қозғалысы бұрын бекітілген кестеге сай, яғни Көкшетау – Қызылорда – Петропавл – Алматы пойызы қарашаның 12-нен бастап екі күнде бір жүріп жатыр. 

Мұнда жолаушыларды отырғызып-түсіру 1,2 және 3 класты вокзалдар орналасқан станицияларда ғана жүзеге асырылады.