Арнайы әзірленген жол активтерін басқару жүйесі республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың жағдайын бақылап, жол бойында қызмет көрсететін нысандар, аялдамалар, елді мекендер мен мердігер ұйымдар туралы толық ақпарат беріп отырады. Бұл жөнінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Жоғарыда аталған мәліметтердің барлығын Автомобиль жолдары комитеті ұлттық жол активтері сапа орталығы жинап отырады. Жүйеде бірінші кезекте ұзындығы 24 мың шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар автомобиль жолдары жөніндегі ақпарат қолжетімді болмақ. Бұдан кейін жергілікті жолдардың жағдайына қатысты мәліметтер енгізіледі» делінген хабарламада.
Жүйе техникалық тұрғыда келесі жылдың мамырында іске қосылады деп күтілуде. Ал пайдаланушылар оны 2020 жылдың 1 маусымынан бастап қолдана алады.
«Жол активтерін басқару жүйесі» қосымшасын Android және iOS платформасынан тегін жүктеп алуға болады.