26 сәу, 2022 сағат 16:00

Жол сапасына байланысты әкімшілік-құқықтық жауапкершілік енгізілуі мүмкін


Қазақстанда жол сапасына байланысты әкімшілік-құқықтық жауапкершілік енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтты. 

«Біз арнайы талдау орталығын құрдық. Былтыр жолдар бойынша 100 мыңнан астам скрин жасаған болатынбыз. Кемшіліктерді анықтап, мердігерлерге түзеткізген едік. Сондықтан республикалық маңыздағы жолдар бойынша нақты тетік жолға қойылған. Бұл санаттағы жолдардың бәрінде сапаны бақылау орталықтары бар. Жол құрылысы жүріп жатқан кезде сол орталықтар тәулік бойы қадағалау жүргізеді. Жергілікті маңыздағы жолдар бойынша, әкімдіктерге сапаны бақылау орталықтарымен келісімшарт орнату ұсынамыз», - деді ол журналистерге Үкіметтің кулуарында. 

Ведоство басшысы бұл бағытта заңнамаға да өзерістер енгізілетінін жеткізді. 

«Біз заңға өзгерістер енгіздік. Жергілікті атқарушы органдарды елді мекендердегі жолдар бойынша сапаны бақылау орталықтарымен келісімшарт жасауды міндеттеп отырған жоқпыз. Бірақ ол жолдардың сапасын да қадағалаулары керек. Сондай-ақ, жол құрылысына қатысушыларға қатысты әкімшілік жауапкершілік енгіздік. Оның ішінде жол сапасы бойынша да жауапкершілік көзделген», - деді Қайырбек Өскенбаев. 

Айтуынша, аталған норма биыл қабылдануы мүмкін. 

«Көлік туралы заңда жол сапасы бойынша әкімшілік-қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсындық. Елді мекендердің жолдары бойынша жергілікті атқарушы органдарға тікелей тапсырма берілді. Олар жол жол сапасын зерттеуге құзыретті зертханалар ашуы керек немесе сондай нысандармен келісімшарт жасауы қажет», - деді министр.