14 ақп, 2025 сағат 01:34

Жастар театрында «Жолы болғыш жігіт» қойылымы өтті

12 ақпанда Астана қаласының Жастар театры жазушы, драматург Әкім Таразидың «Жолы болғыш жігіт» қойылымын ұсынды. Қойылым «Жұмысшы мамандықтары жылына» орай өтіп отыр. Спектакльге «Астана су арнасы», «Астана тазалық»  сияқты бірқатар мекемелердің және колледж студенттері келді. Ult.kz тілшісі де  қойылымды тамашалап қайтты.

Сонау 1973 жылы жазылған Әкім Таразидың «Жолы болғыш жігіт» пьесасының негізінде қойылған спектакль бүгінгі күнге икемделген. Астарлы әзіл, қағытпа қалжың, атмосфераны сезіндіретін әндер, барлығы қазіргі заманды көрсетеді. Алайда Тарази шығармасының өміршеңдігі сол, кейіпкерлердің ішкі шиеленісі, өзара қарым қатынасы, көтерілетін мәселелер мен сұрақтар бәз баяғы жарты ғасыр бұрынғы деуге болады. Қоғамның тыныс-тіршілігіне қарап, заманның беталысы әлі сол бір үйреншікті бағытпен сылдырап ағып келе жатқан сыңайлы. «Өзеннің арнасын бұрса ғана тақыр жерге егін шықпай ма, көктеп көгермей ме? Неге бәрі бұрынғыдай? Бұл  «Асау Бөкендердің» әлі де жеңіліс тауып келе жатқанын көрсетпей ме?» деген сұрақтар ойға еріксіз орала береді.

Біз көрген қойылымда әр кейіпкер, әр айтылған сөз, іс-әрекет, қимыл қозғалыс таныс. Ортамызда жүрген адамдарды еске түсіріп, біресе езу тарттырып жымитады, біресе ызаңды келтіріп, күйіндіреді. Кей адамдардың мемге айналған әрекеттерін спектаклдің авторлары ескі шығармаға сәтті қолданған деуге болады. Алпысыншы жылдары Әкім Тарази драматургияға өз шығармаларындағы жаңа кейіпкерлердің ішкі қақтығысы мен менмұндалаған образдары арқылы жаңа леп әкелсе, қазіргі қойылымда ол кейіпкерлер бүгінгі күннің бейнесіне жай ғана бейімделген сияқты.


Фотода: режиссер Нұрфат Вахитов

«Сол кезде де ауылшаруашылығына жаңашылдық керек болды. Қазір де біздің ауылшаруашылығының көпшілігі құлдырап, қаңсырап, үйлер азайып барады. Бұрынғыдай 300 үй, 1000 үй деген жоқ, қазір ел үлкен-үлкен кенттерге жинала бастады. Бұл қойылымда Асау Бөкен эксперимент жасау арқылы үкіметтен субсидия алады да, бір ауылды көтереді, жолын асфальттайды, су кіргізеді, шаруашылық ашады. Жаңа технологиялар сатып ала отырып, 200 жұмысшыны 23-ке қысқартады. Бұрын көп адам жасайтын жұмысты енді техника жасайды. Қалған жұмысшыларды жаңа өндірістер ашып, оларды басқаша қамтиды. Бұл жерде жұмысшылардың жұмысын бағалау, олардың қадір қасиетін түсіну деп білеміз», –дейді режиссер Нұрфат Вахитов.


Басты кейіпкер жаңашыл, инноватор Асау Бөкен мен оны қолдайтын жастар,  қасаң түсініктегі, біреудің артын қазып, аяғын шалып жүрген қатып қалған шал – Алтынтіс, ойлары күмән мен күдікке толы, жайғасып алған жайлы орындарына қауіп төнгеннен тыпыршитын Кірпішбай мен Асан бүгінгі талай жанның келбетін мүсіндейтіндей. Ал арнаулы тілші Көкшинаның образына қарап жымимасқа амал жоқ, ол да бір адамдарды еске түсіреді.

Жоғарыға жақпаған қойылым

Сыншы Әлия Бөпежанова Тарази пьесаларын кілтін тауып сахналау оңай емес деп есептейді. Ол мұны «Ана тілі» газетіне шыққан өзінің мақаласында жазады. 

Фотода: Сыншы Әлия Бөпежанова @madeniportal.kz

Бұған дейін «Жолы болғыш жiгiт» драмасы М.Әуезов атындағы театрда қойылыпты. Спектакльдiң режиссерi Р.Сейтметов болған, Асау Бөкен – Танаш – жолы болғыш жiгiт рөлiнде Әнуар Молдабеков ойнаған. Мұны Бөпежанова театр сыншыларының (Ә.Сығаев, Қ.Уәлиев) кiтаптарынан оқып, бiлдiк дейді. «Спектакль бiрер премьерадан соң жоғарыдан нұсқаумен «жабылып» қалыпты» дейді сыншы. 

«Драмада тартыс Асау Бөкен мен Асан, ғалым Кiрпiшбай, Алтынтістердiң, яғни жаңа және ескi көзқарастардың арасында өтедi. Мұның өзi де, түптеп келгенде, көзқарас, концепциялар қақтығысына саяды. Пьеса туралы ғалым-сыншы Рымғали Нұрғалиевтiң пiкiрлерiне негiзiнен қосыла отырып («Телағыс», «Жазушы» баспасы, 1987) Асау Бөкен бейнесiнiң ерекшелiгi неде деген сауал төңiрегiнде ойланып қарасақ, ғалым-сыншы айтқандай, «ноқта, жүген тимеген шу асау, қалтқы, тiреуiш дегендi бiлмеген, басы бос, кеудесi толық, аршынды жас айла-шарғыны ойламайды,.. қулық жасамайды, нысанаға тура тартады». Асау Бөкен екi жердегi екi төрт екенiн дәлелдей алмай пәткерде. Кiрпiшбай, Асандар жазушы-драматургтың дәстүрлi кейiпкерлерi, ал – «халықтың өкiлiмiн» деп байбалам салатын арызқой Алтынтiс бишара, кiрпiштей қатқан сананың көрiнiсi», –деп жазады Әлия Бөпежанова.  

 

Фотода: Театр сыншысы Әшірбек Сығай @el.kz

Театр сыншысы, марқұм Әшірбек Сығай Әкім  Тарази  пьесаларының ішінде ерекше бағалайтын үші шығарманың бірі ретінде «Асау Бөкенді» атаған.  Сосын «Жақсы кісі» және «Күлмейтін комедия».

«3 пьесасы – қазақ әдебиетіне, қазақ драматургия саласына қосылған классикалық үлгі. Бұлар – уақыт өтсе де өзінің өзекті мазмұнын жоғалтпайтын шығармалар», – деген. 


«Өмірде көбінесе Асау Бөкендердің жолы болмайды»

Жастар театрында өткен спектакльде Асау Бөкеннің образына кіріп, рөлін сомдаған Ербол Тілеукенов өз кейіпкерін табанды, мінезді, арманшыл, сенімді деп сипаттады. 

Фотода: Асау Бөкен рөліндегі Ербол Тілеукенов
«Актер үшін кез келген рөл қиын. Анда-санда ғана оң жамбасыңнан келетін рөл кездесуі мүмкін. Бірақ ізденесің, басқа қырланыңды ашасың, өзіңнің табиғатыңа қарама қайшы мінез-құлық іздейсің. Асау Бөкен өзі тік мінезді, айтқанынан қайтпайтын қайсар жігіт, бірақ аңғал. Өмірде түсінгенім осындай аңғал, арманшыл адамдардың жолы болатын кездері бар, бірақ көбінесе жолы болмай жатады. О баста осы материалды алған кезде еліміздің проблемасын талқыладық. Қазір ауылдарда қандай проблема бар? Су, жол мәселесі, тұрғындардың ауылдан қалаға көшіп жатқаны, кей ауылдар жоқ болып кетіп жатыр. Сол проблемаларды қозғадық», –дейді актер.


Қойылымның басты кейіпкері Танаш, лақап аты Асау Бөкен жас маман болады. Ол жалындап тұрған идеясы көп, ынталы жігіт. Арманы – өзінің туған ауылын көркейту. Ауылда еңбек өнімділігін көтеру жүйесінде жаңа тәжірибе жасап, нәтижеге жетеді. Әлі де ауылды көркейту жоспары бар. Алайда қарсыластары оның аяғынан шалып, артына түсіп, жобасын іске асыруға мүмкіндік бермейді. Сөйтіп ақыры Асау Бөкеннің ауылды көркейту идеясы өзгерісті қаламайтын тұрғындардың қарсыласуынан жеңіліс табады. Бірақ оған сенетін жастар бар және оның өз сенімі бар...


Балжан Жеңісқызы

Оқи отырыңыз: Әкім Тарази туралы ой-толғамдар