29 шіл, 2016 сағат 07:38

Жириновский КСРО-ны қайта құрып, ішіне Қазақстанды енгізуді ұсынды (видео)

Ресейдің ЛДПР партиясының лидері Владимир Жириновский бұрынғы құрамына аздаған өзгеріс енгізіп, жаңарған сипаттағы КСРО-ны құруды ұсынды. Саясаткердің өзі бұл туралы Twitter-дегі ресми парақшасына жазды.

Өзбекстанның Podrobno.uz порталының хабарлауынша, Жириновский қайтадан Кеңес Одағын құруды әбден мүмкін жағдай екенін атап көрсеткен. «Ынта мен ықылас болса, КСРО-ны – еркін социалистік республикалар одағын жасау қиын емес. Бұған енді Иран, Түркия секілді елдерді шақыру керек», – деп жазады ол.

ЛДРП серкесінің айтуынша, бұл үшін ең алдымен КСРО-ның аббревиатурасын өзгертіп, оны еркін социалистік елдердің республикасы тұрғысында құру керек. Мұнда Түркия, Иран секілді бірқатар елдерді шақыруға да болады.

Кейінірек Жириновский жаңарған КСРО құрамынан Ресей, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Түркия, Иран, Сирия, Ирак, Қырғызстан, Түрікменстан, Украина, Грузия, Молдова, Өзбекстан, Тәжікстан елдерін көргісі келетінін білдіріпті. Қорытындыда КСРО құрамы 16 республикаға дейін жеткен. Ол тізімге бұрынғы одақтас республикалардан тек Латвия, Литва, Эстония сияқты Балтық жағалауы елдерін ғана қоспапты.

 

Мұрат АЙТҚОЖА

«Егемен Қазақстан»