03 жел, 2021 сағат 02:03

Жігіт көз жұмды: Алматыда полиция ғимаратының алдында жас жұпты қымбат көлік қағып кетті


Алматыда Әуезов аудандық полиция бөліміне жақын жерде адам өлімімен аяқталған жол апаты тіркелді. Көлік жүргізушісі жолдан өтіп бара жатқан жас жұпты қағып кетті. 

Sputnik Қазақстан агенттігінің мәліметінше, қайғылы оқиға Әуезов аудандық полиция басқармасы ғимаратының алдында болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Куәгерлердің айтуынша, жол апатына дейін Lexus жүргізушісі Өтеген батыр көшесінің бойымен оңтүстікке қарай жылдамдықты қосқан. Бұл уақытта жас жігіт пен сүйіктісі жаяу жүргіншілер жолағымен жолдың келесі бетіне өтіп бара жатыпты.

Осыдан кейін көлік екі жасты соққан.

Жол апаты салдарынан 2000 жылы туған жас жігіт жедел жәрдем келгенше оқиға орнында көз жұмды.

Ал қыз бала ауыр жарақатымен жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді.

Оқиға орнында жол полициясы, криминалистер мен құзырлы органның мамандары жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.