26 қаз, 2017 сағат 11:24

Жезқазғандықтар дабыл қақты: Сарысу өзенінде балық жаппай қырылып жатыр (Видео)

Жезқазған тұрғындары Сарысу өзеніндегі балықтың жаппай қырылуына байланысты дабыл қақты, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі. 

Түйемойнақ бөгеті маңындағы балықтардың жаппай қырылып жатқаны туралы видеоны жергілікті тұрғындар түсірген. Ал Facebook қолданушысы Александр Галаев видеоны өз парақшасында жариялап, көмек сұраған. 

"Достар Қазақстанға кімнің жаны ашыса, репост! Қарағанды облысында ресейліктер мен белорустар алтын мен күміс өндіретін зауыт салған, ал қышқылдықты өңірдегі ең үлкен өзенге Сарысуға төгіп жатыр! Бәрін улап бітті!", - деп жазыпты автор. 

Оның айтуынша, алғашқы видеоны ол WhatsApp мессенджерінен көрген. Ал қалған екі видеоны оның балықшы достары түсірген. Алғашқы видеода Сарысу өзенінің жағасында қырылып жатқан балықтар түсірілген. Сонымен бірге, өзен суының түсі басқа екенін көруге болады. Ролик авторының сөзінше, өзенде балықты улап жатқан қышқылдықты алтын кенін өңдейтін зауыт төгіп жатыр. 

Қарағанды облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы осыған қатысты түсінік берді. Инспекция жетекшісінің орынбасары Абай Әлжановтың айтуынша, бұл жағдайдың анық-қанығын біліп, балықтың не себепті қырылғанын анықтау үшін оқиға орнына мамандар жөнелтілді. 

"Бұл дерек бойынша Ұлытау ауданына "Қарағанды облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы" және "Қарағанды облысының Экология жөніндегі департамент" қызметкерлері аттанды. Сонымен қатар, ол жерге облыстық ІІД-нің Жергілікті полиция қызметінің өкілдері де барды. Жағдайдың мән-жайы анықталады. Керекті сараптамалар жасалады. Қорытындылар кейін қосымша хабарланатын болады", - дейді Әлжанов.