27 нау, 2022 сағат 13:46

Жезқазғанда үш жігітті тепкілеп кеткендердің видеосы тарады


Жезқазғанда жастар арасында төбелес болды. Оқиға видеоға түсірілген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Төбелес 25 наурызда болғаны белгілі. Оның видеосы әлеуметтік желілерде енді тарап жатыр. Кадралардан бірнеше ер адам үш жігітті тепкілеп кеткенін көруге болады.

Бейнежазба құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмады. Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсінік берді.

"Полицейлер қақтығыс 25 наурызда Жезқазғанда болғанын анықтады. Жедел-іздестіру шаралары барысында Жезқазған полиция басқармасының қызметкерлері 17-18 жас аралығындағы төрт адамды ұстады", - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметіндегілер.

Сондай-ақ, ведомство өкілі ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлігі "Бұзақылық" бойынша соталды тергеу басталғанын айтты. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.