09 нау, 2017 сағат 13:36

Жетісулық 97 мың тұрғын жекеменшік үй салу үшін жер телімін алады

Алдағы 15 жылда  жетісулық 97 мың тұрғын жекеменшік үй салу үшін жер телімін алады. Игі бастама «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы облысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында алдағы екі жылда жекеменшік тұрғын үй салушыларға екі мың гектардан астам жер бөлінеді. Онда 5 мыңнан астам жер үй салынбақ.

«Үйлердің бәрі заманға сай салынуы керек. Олардың көлемі 70 немесе 100 шаршы метр, мүмкін одан да үлкен болатын шығар. Бірақ құрылыстың сапа жағына баса көңіл аударуымыз керек», деді  Алматы облыстық сәулет және құрылыс басқармасының басшысы Дәркен Нұржанов.

Ал облыс орталығында барлық инфроқұрылымы жүргізілген 100 гектар аумақ игерілмей отыр. Себебі бұл жер телімі «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі. Олар кезінде бұл жерге коттеджді қалашық салуды жоспарлаған. Электр желісі, су және кәріз жүйесі жүргізілген алқап енді «Нұрлы жер» бағдарламасына өтуі мүмкін. Қазіргі таңда жер телімдерін реттеу және бөлу мәселесі қарастырылуда.