Фото: ашық дереккөз
Талдықорған қалалық сотында пара алған мен бергендердің ісі қаралды.
Бір сотталушыға пара алғаны үшін (ҚК 366-бабының 3-бөлігінің 4-тармағы), үшеуіне пара алу бойынша делдал болғаны (ҚК 368-бабының 2-бөлігі, 1-бөлігі), бесеуіне пара бергені (ҚК 367-бабының 1-бөлігі) үшін айып тағылды.
Жергілікті еңбек департаменті медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы делдалдар — Панфилов аудандық ауруханасының травматологы, Сарқан аудандық ауруханасының психиатры және Ақсу аудандық ауруханасының УЗИ дәрігері арқылы бірнеше рет 450 мың теңгеден пара алған.
Бес адам пара беріп, мүгедектік алып, ұзартқан.
Сот үкімімен бөлімнің бұрынғы басшысы 8,7 млн теңге (параның 60 еселенген мөлшері) айыппұл төлейтін болды.
Травматологқа 9 миллион теңге айыппұл салынды (параның 20 еселенген мөлшері);
Психиатр мен УЗИ дәрігері сәйкесінше 300 мың теңге және 700 мың теңге (параның 10 еселенген сомасы) айыппұл төлейді.
Бес пара берушіге Қылмыстық кодекстің 367-бабының 1-бөлігі бойынша 450 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін айыппұл салынды.
Айыппұлды төлеуден жалтарған жағдайда төленбеген бөлігі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.