Фото: Видеодан скриншот
Панфилов ауданында заңсыз есірткі сақтаумен айналысқан 21 жастағы Түркістан облысының азаматы ұсталды. Тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды Ult.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек тінту кезінде күдіктіден 111 орам есірткі тәркіленген. a-PVP психотроптық заты оның сырт киімінің қалтасынан және сөмкесінен табылған.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері есірткінің жасырын қойылған орындарын анықтап, тағы 11 орамды тапты. Жалпы алынған a-PVP мөлшері 63,3 грамм болды.
— Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. Заңнамаға сәйкес, есірткі және психотроптық заттарды заңсыз сақтау үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған, — деді Жетісу облыстық полиция департаменті.
Еске салсақ, осыған дейін Жетісуда 2 ірі есірткі зертханасының жойылғанын және Алакөл ауданында таксиден 11 млн теңге ұрлаған күдіктінің ұсталғаны хабарланған болатын.