Фото: Pexels.com
Жетісу облысында әскери бөлімге тиесілі теміржол инфрақұрылымы нысаны мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Әскери прокурорлар әскери мүліктің мақсатты әрі заңды пайдаланылуын бақылау жұмыстары барысында бірқатар заңбұзушылықтарды анықтаған. Сарыөзек гарнизонының әскери прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесінде жер комиссиясының шешімі мен жергілікті атқарушы органмен жасалған сатып алу-сату шарты негізінде әскери бөлімнің теміржолға баратын тармағының бір бөлігі коммерциялық кәсіпорынға заңсыз берілгені белгілі болды.
Анықталған факті бойынша әскери бөлім Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына талап арыз берді. Сот әскери прокуратураның ұстанымын қолдап, шешім мен шартты заңсыз деп таныды. Нәтижесінде құны 75 млн теңгеден асатын кірме жол қайтадан Қорғаныс министрлігінің меншігіне қайтарылды.
Әскери прокуратура органдары әскери нысандардың сақталуы мен олардың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін мәлімдеді.
