Кадрларға сәйкес, оқиға Түркістан облысы Жетісайда болған. Жарысқа Audi, Hyundai Accent, Toyota Land Cruiser және Toyota Land Cruiser Prado сияқты көліктер, сондай-ақ Toyota Camry көлігінің бірнеше моделі қатысқан. Алайда олардың барлығында Алматы облысының нөмірлері болған. Жарысқа қатысушылар үйлену тойына қонаққа келіп, заңсыздық ұйымдастырған.
Ескеріңіз! Видеода бейәдеп сөздер бар!
Түркістан облысының полицейлері жарысқа қатысқан жүргізушілердің бірін анықтап, ұстағанын мәлімдеді. Ол Audi көлігін жүргізген Жетісай тұрғыны болып шықты. Оған ӘҚБтК-нің 596-бабы 5-бөлігі "Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу" бойынша хаттама толтырылған. Оның көлігі айыппұл тұрағына қойылған.
"Қызметкерлеріміз түрлі құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында жолдарды үнемі тексереді. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерді де үнемі қадағалап отырады. Кезекті тексеріс барысында Жетісай ауданының полицейлері қала көшелерінің бірінде өзгелерді басып озған бірнеше көлікті байқаған. Тәртіп сақшылары дереу әрекет етіп, жедел шаралар қабылдады", - деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.
Сондай-ақ, полицейлер бұл жарыстың басқа да қатысушыларын анықтады, олар жылдамдықты асырған. Бұл көліктер Алматыда тіркелген және оңтүстік мегаполис тұрғындарына тиесілі болып шықты.
"Қазір Жетісай полицейлері оларды заң аясында жауапкершілікке тарту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелерін жол жүру ережелерін сақтауға шақырады. Өйткені заң бұзу салдарынан жүргізуші куәлігінен айыруға, қамауға немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы, сондай-ақ, бұл жүргізушілер мен жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін", - деп толықтырды өңірлік Полиция департаменті өкілі.