30 сәу, 2020 сағат 07:45

Жетілдірілген әліпбидегі Ұ, Ү, Ы, І дыбыстарының таңбасы қандай?

 

Әліпбидегі кемшіліктерді түзетуге рұқсат берілгеннен бастап алты ай өтті. Осы уақыт ішінде Ұлттық комиссия жанынан құрылған жұмыс топтарының бірнеше отырыстары мен жиындары болды. Әліпби әлі де жетілдірілу үстінде, өзгертілген таңбалардың практика жүзінде, яғни жазу тәжірибесінде қиындық тудыруы мүмкін деген тұстары мұқият сарапталып жатыр.   

Жетілдірілген жобада ұ мен ү дыбыстарының таңбасы өзгерді. Бекітілген әліпбиде ұ дыбысы Uu, ал ү дыбысы акутты Úú арқылы берілген болатын. Жетілдірілген жобада ұ дыбысына Ūū (макрон), ү дыбысына Üü (умлаут) таңбасы арналды. Бұлайша өзгертуге басты себеп:

1. Бекітілген әліпбиде У, Ұ, Ү еріндік дыбыстарының тұрқы әртүрлі таңбалармен берілген болатын. Бұл үш дыбыс ұқсас таңбалармен берілсе, жазуда және балаларға үйретуде жеңіл әрі оңай болар еді деген пікірлер, әсіресе әдіскерлер мен мектеп мұғалімдері тарапынан көп айтылды.  

2. У дыбысына базалық әліпбидегі Uu таңбасын беру қоғам тарапынан жиі айтылды және «Тіл-Қазына» орталығы өткізген оқыту курстарына қатысушы дәріскерлер тарапынан да у дыбысына u әрпін беру мәселесі көтеріліп, бұл таңбаның мәтін ішінде тез танылатыны, көзшалымға қолайлылығы туралы пікірлер басым болды.

Міне осындай себептермен жетілдірілген әліпби жобасында жоғарыда аталған дыбыстардың таңбалары өзгерді. Салыстырып көрейік:

Бекітілген әліпбиде

Жетілдірілген жобада

Ýý – У дыбысы

Uu – Ұ дыбысы

Úú – Ү дыбысы

Uu – У дыбысы

Ūū – Ұ дыбысы

Üü – Ү дыбысы

Алайда бұлай таңбалауға келіспеушілік те бар, яғни сын пікірлер де, ұсыныстар да айтылып жатыр. Олар қандай дегенде:

1.  Ү дыбысындағы умлаут диакритикасы қолмен жазғанда макронға айналып кету қаупі туралы айтылды. Яғни әріптің үстіндегі екі нүктені макрон сияқты сыза салу үрдісі кең таралған. Бұл үрдіс араб жазуында да, умлаутты қолданатын елдерде де сақталып отыр. Алайда оларда макрон диакритикасы жоқ болғандықтан, әріп үстіне қойылған сызықтың екі нүкте екенін бірден ажыратады. Ал біздегі жетілдірілген жобада макрон диакритикасы ұ таңбасында тұрғандықтан,  ү-дегі умлаутты сызықпен қоя салу орын алса, ол да ұ-ға ұқсап макронға айналып кетпей ме деген пікірлер бар. Бірақ ғалымдар: «Қолмен жазу практика жүзінде қалып бара жатыр, барлығы компьютермен теріледі, сондықтан бұдан қорқудың негізі жоқ, умлаут пен макронды жазбаша жазғанда екі түрлі жазылу керек екендігі мектептен бастап мықтап қолға алынуы керек», - деген пікірде.  

2. Келесі айтылып жатқан келіспеушіліктің бірі қазақ тіліндегі дауыссыз у-ға бөлек таңба, кірме сөздердегі дауысты у-ға бөлек таңба арнау және кірме сөздердегі у-ды да, төл сөздердегі ұ-ны да бір ғана Uu таңбасымен беру керек деген мәселе. Сонда төл сөзде кездесетін у дыбысын Ww таңбасымен белгілесе, у-дың алдында естілетін ұ, ү дыбыстарын да жазуға жол ашылады және кірме сөздер қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына бейімделеді деген пікір. Мысалы:

Ww тек төл сөздердегі дауыссыз у-дың таңбасы:

                   Suw (сұу)

                   Tuwuw (тұуұу)

                   Berüw (берүу)  

Uu төл сөздердегі дауысты ұ-ның таңбасы:

                   Uran (ұран)

                   Tur (тұр)

Uu кірме сөздердегі дауысты у-дың таңбасы:

                   Universitet (университет)

                   Subaru (Субару)

Бұл көзқарасты жақтаушы ғалымдар осылай төл сөздегі у-ға бөлек, кірме сөздегі у-ға бөлек таңба арнасақ қана қазақ сөздерінің буын жігі дұрыс ажыратылып, сауатты жазатын боламыз және кірме сөздер де қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына бейімделетін болады деген уәж айтады. Алайда университет сөзінің ұниверситет, субару сөзінің сұбарұ, боулинг сөзінің боұлинг, акула сөзінің акұла, respublika сөзінің респұблика болуы екіталай және бұлай бейімделмейді де, кірме сөздердегі у-дың ұ-ға айналып кете алмайтындығына мысалдар жетерлік. Керісінше, қазақ сөздеріндегі ұ-ның у-ға айналып кетпесіне кепілдік жоқ. Мәселен, бала sultan, quptan, tumar сөздерін султан, қуптан, тумар деп оқуы әбден мүмкін. Екіншіден, сауатын ашатын бала бір таңбаның екі түрлі дыбыстық мәнін ажыратуда қиналады, кедергіге ұшырайды.  

Ал төл сөздердегі у дыбысын Ww арқылы таратып жазу мәселесі дәл қазіргі таңда шешімін таппай, өте даулы күйінде қалып отыр. Жалпы и мен у дыбыстарын қосар таңбамен беру мәселесі сонау төте жазу (араб) тұсында-ақ үлкен дауға айналып, латын графикасын қабылдаған жылдарда да күн тәртібінен түспеген, тек кирилл жазуында ғана дауға нүкте қойылды. Бұған қарап орыс тілінің әсерінен солай болды деген ой тумауы керек. Керісінше, қаншама жыл бойғы жазу тәжірибесіндегі ала-құлалық, сондай-ақ қатенің көбі осы и мен у-ды қосар әріппен жаза алмаушылықтан туындауы, балаларға үйретудің ауырлығы себеп болды. Егер и мен у-ды қосар әріппен таратып жазуды қайтадан енгізсек, төте жазудан басталып 1957 жылға дейінгі аралықта 40 жылдан астам уақыт бойы бірізді жүйеге түсе алмай дау тудырған әрі жазудағы ала-құлалыққа себепкер болған мәселеге оралып, тарих көрсеткен тәжірибедегі қиындықтар жазуымыздан қайтадан орын алады.

Жетілдірілген жобада Ы дыбысының бекітілген әліпбидегі таңбасы сақталды да, І дыбысының таңбасы өзгерді. Салыстырып көрейік:

Бекітілген әліпбиде

Жетілдірілген жобада

Yy – Ы дыбысы

Іі – І дыбысы

Yy – Ы дыбысы

– І дыбысы

Жетілдірілген жобада і дыбысы басында нүктесі жоқ (Iı) таңбамен берілді. Бұның себебі, келіп түскен ұсыныстар мен оқыту курсына қатысқан дәріскерлер тарапынан басында нүктесі бар әріп базалық әліпби бойынша й (и) дыбысына арналса деген пікір басым болды. Сондықтан ғалымдар әліпбиді жетілдіру барысында осы ұсыныстарды ескеріп, бекітілген әліпбидегі і мен й дыбысының таңбаларын өзара ауыстырды. Бекітілген әліпбиде І-нің бас әрпінде нүкте болмағандықтан шатасу орын алған болатын, сондықтан жетілдірілген әліпбиде сол қайталанбас үшін Й(И)-дің бас әрпіне нүкте қойылды:

Бекітілген әліпбиде

Жетілдірілген жобада

Iı – Й (И) дыбысы

Іі – І дыбысы

Yy – Ы дыбысы

İi – Й (И) дыбысы

– І дыбысы

Yy – Ы дыбысы

Алайда жетілдірілген жобадағы бұл таңбаларға келіспеушілік пен сын пікірлер айтылып жатыр. Атап айтқанда:

1. Ы мен І жұп дыбыстар болғандықтан а мен ä, о мен ö сияқты тұрпаттары ұқсас болуы керек және түркі тілдеріне жақын болу үшін түрік, әзербайжан тіліндегі ы дыбысының таңбасын алған жөн, сондықтан ы дыбысына нүктесіз , і дыбысына нүктесі бар Іі таңбасы арналуы керек деген ұсыныс бар. Алайда умлаут жіңішкелікті білдіретіндіктен, олардың жіңішке дыбыс екенін бірден ажыратуға болатын болса, ы мен і-де олай емес екен. Керісінше нүктесіз таяқша і немесе й-ге ұқсап, сөздердің жіңішке оқылуына ықпал етеді. Мысалы:

Жетілдірілген әліпбиде 

Ұсыныс

syq

syqty

syğyp

tуsу 

ysydy

Syrym

sıq

sıqtı

sığıp

tısı

ısıdı

Sırım

Мысалдардан көріп тұрғанымыздай, ы дыбысын таяқшаға ұқсас таңбамен бергенде, сөздердің жуан емес, керісінше жіңішке оқылуына ықпалы байқалады. Кезінде диграф бекітілгенде қоғам Нәби, сәбіз сөздерінің, апостроф бекітілгенде шығыс, шығу сөздерінің тұрпатына наразылық білдіріп, тіпті күлкіге айналдырғаны белгілі. Ы-мен келетін бірқатар сөздердің де жіңішке оқылып кету қаупін ескерсек, оның таңбасын да дұрыс таңдай білген жөн. Сондықтан да жетілдірілген әліпби жобасында ы дыбысы үшін Yy таңбасы алынды. Өйткені Yy жуан, езулік Ы дыбысының транскрипциясы ретінде кең қолданылатындықтан, оқырман ол әріпті Ы дыбысының мәнінде жақсы қабылдайды (Almaty). Ал түрік пен әзербайжан тілінде жіңішке і дыбысы жоқ болғандықтан, таяқшаны бірден ы дыбысы ретінде оқи береді. Мысалы, түрік: kız (кыз), азербайжан: Bakı (Бакы).

2. Келесі айтылып жатқан келіспеушіліктің бірі қазақ тіліндегі дауыссыз й-ге бөлек, кірме сөздердегі дауысты и-ге бөлек таңба арнау және кірме сөздердегі й-ді де, төл сөздердегі і-ні де бір ғана Іі таңбасымен беру керек деген мәселе. Сонда төл сөзде кездесетін й дыбысын Yy таңбасымен белгілесе, й-дің алдында естілетін ы, і дыбыстарын да жазуға жол ашылады және кірме сөздер қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына бейімделеді деген пікір. Алайда Yy таңбасы сөз ортасы мен сөз аяғында и дыбысының мәнінде жұмсалғанымен (tayau, saya, şay), сөз басында келгенде ы дыбысының мәніне ұқсап кетеді (yne, yt). Ал іyne (ійне), iyt (ійт) түрінде жазу сауат ашуды қиындататыны сөзсіз. Сонымен қатар кірме сөздердегі и дыбысы үшін бөлек таңба арналуы жазудағы бірізділікке кері әсер етуі ықтимал. Сауатын енді ашқан бала кірме сөз қайсы, төл сөз қайсы бірден ажырата алмайды. Мысалы:

Yy тек төл сөздердегі дауыссыз й-дің таңбасы:

Kiy (кій)

Jıynalıs (жыйналыс)

Oqıydy (оқыйды)

Іі төл сөздердегі дауысты і-нің таңбасы:

Ini (іні)

Kirüw(кірүу)

Іі кірме сөздердегі дауысты и-дің таңбасы:

institut  (институт)

kino (кино)              

Алайда институт сөзінің інстітұт, кино сөзінің кіно, respublika сөзінің респұбліка, tir сөзінің тір болуы екіталай және бұлай бейімделмейді де, кірме сөздердегі й-дің і-ге айналып кете алмайтындығына мысалдар жетерлік. Керісінше, қазақ сөздеріндегі і-нің и-ге айналып кетпесіне кепілдік жоқ. Екіншіден, бір таңбаның екі түрлі дыбыстық мәнін ажырату сауат ашатын бала үшін де, ересек адам үшін де ауырлық тудырады. 

3. Келесі айтылып жатқан сынның бірі егер Yy таңбасын алсақ, онда Ы дыбысының жиілігі өте жоғары болғандықтан, қолмен жазғанда жол астына салбырап көзге оғаш көрінеді. Оның үстіне ң дыбысының фонетикалық таңбасы алынатын болса, бұл жазуды тіптен көріксіз етіп жібереді деген пікір айтылып жатыр. Мысалы: ydysyŋnyŋ, syryŋnyŋ, qyzyŋyzdyŋ, tyŋğylyqty. Ң дыбысы әзірге жетілдірілген әліпбиде осы фонетикалық таңбасымен (Ŋŋ) алынып тұр, алайда тильда (Ññ) диакритикасымен алу керек деген пікірлер де талқылану үстінде.

Қорыта айтқанда, жетілдірілген әліпби жобасында қысаң дауыстылар үшін Ūū (Ұұ), Üü (Үү), Yy (Ыы), Iı (Іі) таңбалары алынды. Сондай-ақ төл сөз бен кірме сөздерде кездесетін и мен у дыбыстары бір әріппен ғана жазылады: İi (й,и), Uu (у). Соңғы шешім алда өтетін Орфографиялық жұмыс тобы отырысында қабылданатын болады.

Гүлфар Мамырбек

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына»

 ұлттық ғылыми-практикалық орталығының

жетекші ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының кандидаты